Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі микро және шағын бизнес субъектілеріне салық берешегінің негізгі сомасын төлеген жағдайда өсімпұлдар мен айыппұлдарды есептен шығаруға мүмкіндік беретін Қағидаларды бекіткенін хабарлады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Құжат 2026 жылғы 13 ақпанда Әділет министрлігінде тіркелді (№37975).
Берешекті өтеген жағдайда қандай жеңілдіктер қарастырылған
Қағидаларға сәйкес, кәсіпкер 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша есепте тұрған салық берешегінің негізгі сомасын 2026 жылғы 1 қаңтар мен 31 наурыз аралығында толық өтесе, оған бірқатар жеңілдіктер беріледі. Бұл ретте толық өтеген күнге дейін есептелген барлық өсімпұл есептен шығарылады, берешегі өтелген салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша салынған айыппұлдар жойылады, сондай-ақ 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін ҚҚС бойынша есепке тұрмау кезеңінде жасалған айналымдар үшін салынған айыппұлдарды да есептен шығару мүмкіндігі қарастырылған, егер ол бойынша мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары қолданылмаған болса.
Жеңілдікті пайдалану тәртібі түсіндірілді
Бұл мүмкіндікті пайдалану үшін кәсіпкер негізгі қарыз сомасын 2026 жылғы 31 наурызға дейін толық төлеуі қажет. Одан кейін есептен шығару мемлекеттік кірістер органдары жанындағы арнайы комиссиялардың дербес шоттарды тексеруі нәтижесінде жүзеге асырылады.
Шара бизнестің қаржылық жүктемесін азайтуға бағытталған
Мамандардың айтуынша, қабылданған Қағидалар кәсіпкерлерге бұрынғы берешектерін қосымша қаржылық шығындарсыз жабуға, қарыз жүктемесін азайтуға және алдағы уақытта санкциялар есептелу қаупінсіз жұмысын жалғастыруға мүмкіндік береді. Бұл бизнестің қаржылық тұрақтылығын қолдауға және экономикалық белсенділікті арттыруға бағытталған маңызды қадам ретінде бағалануда.