Конституциялық реформа – тек саяси өзгеріс емес. Бұл – елдің зияткерлік капиталына салынған стратегиялық инвестиция. Бүгінгі әлемде шикізат емес, идея бәсекеге түседі. Интеллектуалдық ресурс – басты артықшылық. Бұл туралы белгілі саяси сарапшы, медиа және коммуникация маманы Жандар Асан Facebook парақшасына жазды, деп хабарлайды DKNews.kz.
«Құбылған әлем жарысы – ақылды жанның табысы». Халқымыздың ойшыл ақыны Шәкәрімнің осы бір ұлағатты сөзі бүгінгі күнде де аса маңызды.
Өзгермелі әлемде тек ақылмен, біліммен және терең оймен ғана жетістікке жетесіз.
Мемлекеттің өркендеуі білім, ғылым, инновация және адами капиталға тікелей байланысты. Бүгінде басқа жол жоқ. Жаһанның дамыған елдерінің табысы бұл сөзімізге нақты мысал.
Конституциялық реформа – тек саяси өзгеріс емес. Бұл – елдің зияткерлік капиталына салынған стратегиялық инвестиция деп білемін.
Жаңа Ата Заң жобасының 3-бабының 2-тармағында адами капиталды, білімді, ғылымды және инновацияны дамытуды мемлекеттің стратегиялық бағыты ретінде таныған.
Бүгінгі әлемде шикізат емес, идея бәсекеге түседі. Интеллектуалдық ресурс – басты артықшылық.
Мемлекетті алға сүйрейтін күш – қару емес, кадр. Ал маманның сапасы – білім мен ғылым сапасына тікелей тәуелді.
Жоғары білімді ұлт экономикалық өркендейді, әл-ауқаты артады, саяси әділеттілікке қол жеткізіп, баянды бақытқа кенеледі. Білімі төмен, сауаты таяз халық құлдырайды.
Қорыта айтқанда, жаңа Конституцияны қолдау – стратегиялық таңдау, болашаққа жауапкершілік», – деп жазған Жандар Асан.