Ақордада UAE SWAT Challenge-2026 халықаралық жарысынан жүлделі оралған қазақстандық арнайы жасақ командаларын салтанатты түрде марапаттау рәсімі өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жауынгерлерді құттықтап, олардың жеңісі ел абыройын асқақтатқанын атап өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.

Президент: бұл – кездейсоқ жетістік емес
Мемлекет басшысы өз сөзінде қазақстандық сарбаздардың жоғары шеберлігі мен рухын ерекше атап өтті.
Намысты қолдан бермей, байрақты бәсекеде топ жардыңыздар! Соның арқасында көк Туымыз желбіреді. Еліміздің мерейі үстем болды. Халқымыз сіздерді мақтан тұтады. Әлемнің 48 елінен 100-ден астам команда жиналған Дубайдағы дүбірлі дода – халықаралық маңызы бар оқиға. Бұл аса тартысты жарыс деп айтсақ, қате болмайды. Себебі барлық командалар бес күн бойы өте күрделі мақсаттарға қол жеткізу үшін көптеген тосқауылдарды еңсеруі қажет болды. Бірақ біздің жауынгерлер барын салды, әскери міндеттерді мінсіз орындап, ақыры ең жоғары деңгейдегі шеберліктерін көрсетті. Мұндай жарысқа әр мемлекет өзінің ең мықты сарбаздарын жібереді. Соған қарамастан ел үмітін ақтап, үздіктердің үздігі атану оңай емес екені анық. Бұл кездейсоқ жетістік емес. Әр жетістік – зор ерік-жігер мен қажырлы еңбектің жемісі. Әр жеңіс – мықты кәсіби дайындық пен асқан шеберліктің айқын көрінісі. Өздеріңіз білесіздер, былтыр осы беделді жарыста Қазақстан құрамасы екі күміс жүлдені еншіледі. Биыл да сол жеңіс жолын жалғастырып, зор сенім артқан ұлттық командамыз абыроймен оралды. «Қазақстан С» командасы теңдесі жоқ, яғни абсолютті чемпион атанды. Бұл – тамаша жетістік, бұл жеңіс осы турнирдің тарихында қалады. Жылдар зымырап өтеді, бірақ сіздердің балаларыңыз, осы қуанышты күндердің куәсі болған, сіздерді қолдаған, сіздерді мақтан тұтқан барлық адамдар бұл жеңісті әрдайым ерекше сезіммен еске алып, айтып отырады. Ал «Қазақстан А» командасы екінші орынға ие болды. Бұл да өте жақсы, бәрімізді қуантқан керемет нәтиже, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
«Томирис» құрамасының ерекше жетістігі
Президент қыздар құрамасының нәтижесіне де арнайы тоқталды.
Сұлу қыздарымыз өте жоғары деңгейде өнер көрсетті, шеберлікпен алға шығып, әйелдер арасында топ жарды. Қазақстанның намысын қорғаған бес құраманың бәрі де үздік 20 команданың тізіміне кірді. Бұл нағыз жасампаз отаншылдық деп күмәнсіз айтуға болады. Төрткүл дүние ұл-қыздарымыздың мықтылығына куә болды. Сондықтан тағы да атап өткім келеді, сіздер көрсеткен мықты тактикалық дайындық, айрықша күш-жігер мен тамаша топтық жұмыстың арқасында әлем жұртшылығы қазақтың батыл, қайсар және өр рухты ұлт екеніне көз жеткізді. Баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін. Барлық бапкер мен жаттықтырушыға және әскери басшыларға, басқа да мамандарға зор алғыс айтамын, – деді Президент.
Қауіпсіздік пен жаңғыртуға басымдық
Мемлекет басшысы арнайы жасақ қызметкерлері мемлекет қауіпсіздігінің басты тірегі екенін атап өтті.
Қазіргі күрделі әрі тұрақсыз геосаяси ахуал ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудің тың тәсілдерін әзірлеуді талап етеді. Сондықтан мемлекет әскери-күштік құрылымдарды кешенді түрде жаңғыртуға, технологиялық тұрғыдан жан-жақты жарақтандыруға баса мән береді. Сіздердің жарыстағы табыстарыңыз – еліміздің күштік құрылымдарын жүйелі дамытудың, әскер қатарындағы жоғары моральдық рух пен физикалық даярлықтың нәтижесі. Сіздер Отанға қалтқысыз қызмет етіп, антқа адал болсаңыздар, Қазақстанның қорғаныс қабілеті нығая түсетініне сенімдімін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Конституциялық реформа туралы еске салды
Президент елдегі саяси жаңғыру кезеңіне назар аударып, алдағы референдумның маңызын атап өтті.

Бұл – ел тағдырына тікелей әсер ететін аса маңызды шешім болмақ. Басты құжаттың жобасында егемендігімізді және мемлекеттігімізді нығайтатын мызғымас рухани және құқықтық құндылықтар бекітілді. Қазақстан Республикасының аумақтық тұтастығы, егемендігі, тәуелсіздігі, адам мен оның өмірі, барлық азаматтардың құқықтары және бостандықтары ең жоғары құндылықтар ретінде жарияланды. Жауапты әрі жасампаз отаншылдық ұғымы айқындалды. Әділетті Қазақстан идеясы, Заң және тәртіп қағидаты жаңа Конституция жобасында лайықты орнын тапты. Мұның бәрін іс жүзінде орнықтыру – баршаға ортақ перзенттік парыз. Түптеп келгенде, жаңа Ата Заңымыз еліміздің одан әрі дамуына және өркен жаюына жол ашуы керек. Ал күштік құрылымдар мен арнайы жасақтар ел тәуелсіздігі және халық тұтастығының тірегі болуға тиіс. Себебі алдымызда тұрған мақсат – біреу. Бұл – келер ұрпаққа қуатты әрі озық мемлекетті аманат ету. Бәріміз бір ел болып осы тарихи миссияны міндетті түрде іске асырамыз. Ел қорғау – ең абыройлы міндет. Нағыз отаншыл, адал азаматтар ғана осы жолды таңдайды. Сіздер келешекте де ұлт мүддесіне мінсіз қызмет ете бересіздер деп сенемін, – деді Президент.
Жеңімпаздар мемлекеттік наградалармен марапатталды

Мемлекет басшысының Жарлығымен жарыста ерекше көзге түскен офицерлер мен әскери қызметкерлер:
- ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен
- «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен
- Президент Алғысымен
марапатталды.

Салтанатты рәсімде турнир қатысушылары Нұрсұлтан Сапаров, Дарина Билденова, Максим Бухметов және Наталья Местоева сөз сөйледі.