Алматы қаласында «Жаяу жүргінші» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Медеу аудандық полиция басқармасының қызметкерлері бастауыш сынып оқушыларына жол қозғалысы қағидалары бойынша арнайы сабақ ұйымдастырды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Сабақ интерактив форматта өтті
Сабақ балалардың жас ерекшеліктеріне сай ойын және интерактив форматта өткізілді. Бұл тәсіл оқушыларға жолдағы негізгі қауіпсіздік талаптарын жеңіл әрі қызықты түрде меңгеруге мүмкіндік берді.
Полицейлер балаларға жолдың жүріс бөлігін дұрыс кесіп өту тәртібін, жарық шағылыстырғыш элементтердің маңызын, сондай-ақ аула ішінде және оқу орындарының маңында мұқият болу қажеттігін түсіндірді.
Нақты тәжірибелік кеңестер берілді
Іс-шара барысында кәмелетке толмағандардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған нақты тәжірибелік кеңестерге басымдық берілді. Мамандар балалардың жолда өзін қауіпсіз ұстауы – ата-аналар мен қоғам үшін маңызды міндет екенін атап өтті.
– Жол-көлік оқиғаларының алдын алу – бала кезден басталады. Біздің міндетіміз – балаларға қауіпсіздік қағидаларын түсінікті тілде жеткізіп, олардың жолда өзін қорғау дағдыларын қалыптастыру. Осындай сабақтар жауапты мінез-құлықты орнықтырып, жазатайым жағдайлардың тәуекелін азайтуға ықпал етеді, – деді Медеу аудандық полиция басқармасының бастығы Жәнібек Шынасылов.