Қазақстанда «Қазақстан Республикасы колледждерінің Үздік 100 студенті» республикалық конкурсы басталды. Жоба біліммен, кәсіби шеберлікпен және қоғамдық белсенділігімен ерекшеленген студент жастарды анықтауға және олардың жетістіктерін кеңінен насихаттауға бағытталған, деп хабарлайды DKNews.kz.
Байқаудың мақсаты қандай
Конкурс жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің имиджін нығайтуға, жастардың көшбасшылық әлеуетін дамытуға және олардың кәсіби өсуіне нақты мүмкіндік жасауға бағытталған.
Кімдер қатыса алады
Байқауға еліміздің барлық өңірлеріндегі колледж студенттері қатыса алады. Үміткерлер қатарында WorldSkills чемпионаттары мен кәсіби шеберлік байқауларының жеңімпаздары мен қатысушылары, студенттік өзін-өзі басқару ұйымдары мен волонтерлік қозғалыстардың көшбасшылары, инновациялық жобалар мен стартап авторлары, ғылыми олимпиада және спорттық жарыс жеңімпаздары, сондай-ақ шығармашылық ұжымдардың белсенді мүшелері бар. Соңғы үш жыл ішінде осы байқауда жеңімпаз атанған студенттер қайта қатыса алмайды.
Конкурс үш кезеңнен тұрады
Байқау үш кезең бойынша өткізіледі. Алдымен колледжішілік іріктеу жүргізіліп, әр оқу орны бес кандидаттан артық ұсына алмайды. Екінші кезең өңірлік деңгейде өтеді, онда әр облыс пен республикалық маңызы бар қалалардан 10 үздік үміткер таңдалады. Үшінші кезеңде республикалық финал ұйымдастырылып, «TOP-100 STUDENTS» интернет-ресурсы арқылы елдің 100 үздік колледж студенті анықталады.