Алматы қаласының полициясы тұрғындарға қыс мезгілінде автокөліктерді дұрыс қоюдың маңызын ескертті. Құқық қорғаушылардың айтуынша, көлікті дұрыс қоймау – жиі кездесетін құқық бұзушылықтардың бірі әрі қыс кезінде ерекше өзекті мәселе, деп хабарлайды DKNews.kz.
Қар тазалау жұмыстарына кедергі келтіреді
Жол жиегінде, тар аула өткелдерінде және жүріс бөлігінде қалдырылған автокөліктер коммуналдық қызметтердің жұмысына айтарлықтай қиындық туғызады.
Мұндай жағдайлар:
- көшелер мен аулаларды қардан тазалау процесін баяулатады
- арнайы техниканың қозғалысына бөгет болады
- жедел қызметтердің уақытылы жетуіне кедергі келтіреді
Полиция тұрғындарды жауапкершілікке шақырды
Осыған байланысты Алматы қаласы полиция департаменті жүргізушілерге көлікті арнайы техника жүретін бағыттарда қалдырмауға шақырды.
Профилактикалық жұмыстар аясында Наурызбай аудандық полиция басқармасы:
- автокөліктерді қою ережелерінің сақталуын бақылауда
- түсіндіру шараларын жүргізуде
- тұрғындармен профилактикалық жұмыстарды күшейтуде
Басты мақсат – алдын алу
Наурызбай аудандық полиция басқармасының бастығы Дидар Жақыпбаев бұл бағыттағы жұмыстың негізгі мақсатын түсіндірді.
Біздің мақсатымыз – жазалау емес, алдын алу. Қысқы кезеңде жүргізушілердің арнайы техниканың қозғалыс бағыттарына, аула ішіне және жолдың жүріс бөлігіне автокөлік қалдырмауы аса маңызды. Бұл қала көшелерін тазалау қарқыны мен сапасына тікелей әсер етеді, — деді ол.
Жол мәдениеті – ортақ жауапкершілік
Полиция қызметкерлері жол қозғалысы мәдениетін сақтау – әрбір тұрғынның ортақ міндеті екенін атап өтті.
Мамандардың айтуынша:
- тәртіп пен өзара құрмет
- жол ережелерін сақтау
- қала инфрақұрылымына түсіністікпен қарау
қауіпсіз әрі жайлы қаланың негізгі кепілі болып табылады.