2026 жылғы 18 ақпанда Алматы қаласы музейлер бірлестігінің ұйымдастыруымен Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде Қазақстанның Халық әртісі, әлемге танымал әнші Димаш Құдайбергеннің жеке коллекциясынан құралған «Димаш: бір дауыс – мың ел» атты көрменің салтанатты ашылуы өтті. Өнер иесі шараға арнайы қатысып, экспозицияның тұсауын өзі кесті, деп хабарлайды DKNews.kz.

Экспозицияда 70-тен астам ерекше жәдігер қойылды
Көрмеге әншінің жеке қорынан 70 музыкалық аспап ұсынылған. Олардың қатарында әлемнің әр түкпіріндегі жанкүйерлері сыйлаған ұлттық аспаптар бар. Сонымен бірге сахналық костюмдері де қойылды.
Келушілердің ерекше қызығушылығын әлемдік поп-мәдениет жұлдызы Майкл Джексоннің жеке стилисті Гоко Залди әзірлеген Димаштың сахналық киімі тудырды.

Домбыра музей қорына табысталды
Көрменің маңызды сәттерінің бірі — Димаш Құдайбергеннің музей қорына екі домбырасын сыйға тартуы болды. Оның бірі — бала кезінен серік болған, атасы табыстаған аспап, екіншісі — әншінің қолтаңбасы бар домбыра.
Өз кезегінде Алматы қаласы музейлер бірлестігінің директоры Ләззат Құдайбергенқызы өнер иесіне Абай Құнанбайұлының домбырасының дәл көшірмесін сыйлады. Бұл қадам ұлттық құндылықтарға деген өзара құрметтің белгісі ретінде бағаланды.

Көрменің рухани-мәдени маңызы
Димаштың әкесі Қанат Айтбаев көрменің мазмұндық ерекшелігіне тоқталып, оның ұлттық өнерді дәріптеумен қатар, әлем халықтарының музыкалық мұрасын тоғыстырған маңызды мәдени жоба екенін атап өтті.
Ал әншінің анасы Светлана Айтбаева экспозициядағы әрбір аспаптың өзіндік тарихы бар екенін айтып, оларды тарту еткен жандарға алғыс білдірді.
«Бұл аспаптар біз үшін өте ыстық. Себебі бұл – әлемнің әр түкпірінен жиналған, түрлі халықтың ұлттық мұрасын танытатын құнды дүниелер. Әрқайсысының өзіндік тарихы бар. Осы аспаптарды тарту еткен барша азаматқа алғысымыз шексіз», – деді Светлана Айтбаева.
Көрме бір ай бойы жалғасады
Іс-шараға Алматы қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Данияр Алиев, ТҮРКСОЙ ұйымындағы Қазақстан өкілі Нышанкүл Қаратаева, мәдениет қайраткерлері мен жанкүйерлер қатысты.

«Димаш: бір дауыс – мың ел» көрмесі өнердің шекара талғамайтынын айқындайтын мәдени жоба ретінде бағаланып отыр. Экспозиция келушілерге әншінің шығармашылық әлемін жақынырақ танып, ұлттық музыкалық аспаптардың бай мұрасын сезінуге мүмкіндік береді.
Көрме бір ай бойы Алматыдағы Зенков көшесі, 24а мекенжайында орналасқан Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде жалғасады.