Соңғы мерзім жақындады: қазақстандықтарға көлік салығын төлеу еске салынды

1166
Фотосурет: Kazinform

Қазақстанда автокөлік иелері үшін маңызды кезең басталды - 2025 жылға арналған көлік құралдарына салынатын салықты төлеу мерзімі жақындап келеді. Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті азаматтарға төлемнің соңғы күні 2026 жылдың 1 сәуірі екенін еске салды.

Көпшілік үшін бұл жыл сайынғы міндетті төлем үйреншікті рәсімге айналғанымен, салықты кейінге қалдыру немесе ұмытып кету қосымша шығындарға әкелуі мүмкін. Сондықтан мамандар төлемді алдын ала тексеріп, уақытында орындауға кеңес береді, деп хабарлайды DKNews.kz.

Салықты қалай есептеп, төлеуге болады

Салық төлеу салық төлеушінің тұрғылықты жері бойынша жүргізіледі. Бүгінде төлемді есептеу мен төлеу бірнеше минутты ғана алады - барлық қызметтер онлайн форматта қолжетімді.

Автокөлік иелері салықты келесі тәсілдер арқылы төлей алады:

  • "E-Salyq Azamat" мобильді қосымшасы,
  • kgd.gov.kz ресми порталындағы калькулятор,
  • екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары.

Бұл сервистер көлік параметрлерін енгізу арқылы төлем сомасын автоматты түрде есептеп, сол жерде бірден төлеуге мүмкіндік береді.

Кімдерге жеңілдік қарастырылған

Заңнамаға сәйкес, азаматтардың кейбір санаттары қозғалтқыш көлемі 4000 текше сантиметрге дейінгі бір автокөлікке салық төлеуден босатылады.

Олардың қатарында Ұлы Отан соғысының батырлары, Кеңес Одағының Батырлары, Социалистік Еңбек Батырлары, "Халық қаһарманы" және "Қазақстанның Еңбек Epi" атақтарының иегерлері, үш дәрежелі Еңбек Даңқы ордені мен "Отан" орденінің кавалерлері, "Батыр Ана" атағын алған немесе "Алтын алқа" және "Күміс алқа" алқаларымен марапатталған көпбалалы аналар, сондай-ақ мүгедектігі бар азаматтар бар.

Уақытында төлемеу неге әкеледі

Мемлекеттік кірістер органдарының мәліметінше, салықты белгіленген мерзімде төлемеу қосымша шығындарға соқтыруы мүмкін. Атап айтқанда, берешекті өндіру барысында жеке сот орындаушыларының қызметіне ақы төлеу қажеттілігі туындайды.

Сондықтан мамандар автокөлік иелеріне қарыздың бар-жоғын алдын ала тексеріп, төлемді соңғы күнге қалдырмауға кеңес береді.

Қайдан кеңес алуға болады

Қосымша ақпаратты 1414/3 нөмірі арқылы немесе @astana_mkd_dgd_astana Instagram парақшасынан алуға болады.

Жыл сайынғы көлік салығы - бұл тек міндетті төлем емес, қаржылық тәртіптің де көрсеткіші. Уақытында төленген салық артық айыппұлдардан сақтап, жүргізушілердің көңілін алаңдатпайды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -