Қазақстанда көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық аясында «Көктем-2026» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы басталды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Суретті түсірген: ҚР ТЖМ
Іс-шара 2026 жылғы 25-27 ақпан аралығында өткізіледі.
Су тасқынына қарсы іс-қимыл пысықталады
Оқу-жаттығу «2026 жылғы көктемгі кезеңдегі су тасқыны жағдайының қолайсыз дамуында төтенше жағдайларды жою кезінде құтқару және басқа да шұғыл жұмыстарды дайындау және жүргізу» тақырыбында ұйымдастырылған.
Суретті түсірген: ҚР ТЖМ
Негізгі мақсат — ықтимал төтенше жағдайларға күштер мен құралдардың дайындығын тексеру және іс-қимыл алгоритмдерін пысықтау.
Шараға:
- республикалық азаматтық қорғау қызметтері
- орталық атқарушы органдар
- жергілікті атқарушы органдар
- авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдары
қатысып жатыр.
Суретті түсірген: ҚР ТЖМ
«Баршаның назарына!» дабылы іске қосылды
Оқу-жаттығу барысында аумақтық деңгейдегі құлақтандыру жүйесінің дайындығы тексерілді.
Суретті түсірген: ҚР ТЖМ
2026 жылғы 25 ақпанда сағат 11:00-де елдің барлық өңірінде «Баршаның назарына!» дабылы бойынша сиреналық-дыбыстық қондырғылар мен электрсиреналар қосылды.
Бұл тексеріс халықты төтенше жағдайлар кезінде жедел хабардар ету жүйесінің жұмыс қабілетін бағалауға бағытталған.
Дайындық – қауіпсіздіктің кепілі
Мамандардың айтуынша, көктемгі кезеңде су тасқыны қаупі арта түседі. Сондықтан мұндай оқу-жаттығулар:
- қызметтердің өзара іс-қимылын үйлестіруге
- техника мен жеке құрамның дайындығын тексеруге
- төтенше жағдай туындаған кездегі әрекеттерді нақтылауға
- халық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге
мүмкіндік береді.
«Көктем-2026» жаттығуы елдің азаматтық қорғау жүйесінің көктемгі маусым алдындағы кешенді дайындығын көрсетуге бағытталған.