Премьер-министр Олжас Бектенов «Деректерді өңдеу орталықтары алқабы» жобасының жүзеге асырылу барысына арналған жиын өткізді. Жоба Ұлттық құрылтайдың V отырысында Президент қойған міндеттер шеңберінде іске асырылып жатыр, деп хабарлайды DKNews.kz.
Кеңеске Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев қатысты. «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин баяндама жасады.
Орталық Азиядағы ең ірі кампус
Жоба биыл қаңтар айында Павлодар облысы Екібастұз қаласында іске қосылды. Қазіргі таңда қарқынды түрде жүзеге асырылып жатыр.

«ДӨО алқабы» энергетикалық әлеуеті 1 ГВт-қа дейін жететін кампус ретінде жоспарланған. Бұл Орталық Азиядағы ең ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі болмақ.
Жобаны іске асыру үшін 1,4 мың гектар жер телімі бөлінді. Қосалқы станса сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Инвесторларға мемлекеттік қолдау тетіктері әзірленіп жатыр.
Greenfield аймағы және халықаралық стандарт
Инфрақұрылымның маңызды бөлігі – халықаралық серіктестерге арналған Greenfield аймағы.
100 МВт-қа дейінгі қуат дайындалды. Қажет болған жағдайда жобаны кеңейту мүмкіндігі қарастырылған.

Инфрақұрылым Tier III халықаралық стандартына сай салынады. Энергия тиімділігі коэффициенті PUE 1.25 деңгейінде болады.
Желілік кідіріс азаяды
Hyperscale және BigTech компанияларының талаптарын орындау үшін желілік кідіріс 80-нен 57 миллисекундқа дейін төмендетіледі. Бұл көрсеткіш Еуропадағы негізгі трафик алмасу орталықтарымен тең деңгейде болмақ.
Жасанды интеллектке арналған кезеңдер
Алдағы уақытта есептеу инфрақұрылымы кезең-кезеңімен ұлғайтылмақ. Әрқайсысы 50 МВт болатын ЖИ-ДӨО-ның төрт кезеңі салынады.
$30 млрд инвестиция және жаңа жұмыс орындары
Жоба іске қосылған жағдайда Қазақстанда өңірлік цифрлық хаб қалыптасады.

$30 млрд-қа дейін инвестиция тарту мүмкіндігі бар. 500-ден астам жоғары білікті жұмыс орны ашылады.
Премьер-министр тапсырмасы
Жиын қорытындысында Олжас Бектенов салалық министрліктерге нақты тапсырма берді. Барлық кезеңдерді уақытылы жүзеге асыруды тапсырды. Қажетті нормативтік шешімдерді жедел қабылдауды жүктеді.