1 наурыз – тағдыр тоғыстырған түрлі ұлт пен ұлыстың бір атаның баласындай тату-тәтті өмір сүріп жатқанын айшықтайтын ерекше мейрам. Бұл мереке – өткенге тағзым, бүгінге шүкір, болашаққа сенім білдіретін күн. Осындай тағылымы терең мереке қарсаңында 5573 әскери бөлімінде мерзімді қызмет атқарып жүрген қатардағы Хакимов Үмиджон мен Хакимов Мухамадамин – шынайы достық пен бауырмалдықтың жарқын үлгісі болып отыр.
Түркістан облысында дүниеге келген Үмиджон – өзбек ұлтынан. Ол 2025 жылдың 27 қарашасында әскер қатарына қосылды. Ал тәжік ұлтынан шыққан Мухамадамин 2025 жылдың 28 мамырында Отан алдындағы борышын өтеуге кірісті. Екеуін жақындастыратын ең басты құндылық – қазақ ауылында туып-өсіп, қазақы тәрбие алып, мемлекеттік тілде еркін сөйлеп, қазақтың салт-дәстүрін бойларына сіңіріп өскендігі.
Әскери ортаға алғаш қадам басқанда екеуі де ерекше әсер алғандарын айтады. Әскер – олар үшін тәртіп мектебі, шыдамдылық пен жауапкершіліктің алаңы. Үмиджон Ұлттық ұлан сапында қызмет етуді ел қауіпсіздігін қорғау деп түсінеді. Ал Мухамадамин қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуді – абыройлы міндет санайды.
Қазақ тілі – олардың өмірінде тек қатынас құралы емес, жүрекке жақын тіл. Үмиджон қазақ тілін бала кезінен меңгерсе, Мухамадамин мектеп қабырғасынан бастап үйренген. Бүгінде әскери ортада бұл білім олардың қарым-қатынасын нығайтып, достықтың алтын көпіріне айналып отыр.
Қазақ халқының дәстүрлері ішінде екеуіне де ерекше әсер еткені – Наурыз мейрамы. Бұл – жаңару мен жақсылықтың бастауы, татулықтың белгісі. Қазақ халқының қонақжайлығы мен кеңпейілділігі олардың жүрегінен ерекше орын алған. Өз ұлттарының дәстүрлері мен қазақ салтының ұқсастығын олар табиғи құбылыс ретінде қабылдайды.Үлкенге құрмет, кішіге ізет, бірлік пен сыйластық – баршаға ортақ құндылық.
Өнерге де жақын бұл сарбаздар әскери бөлімдегі мәдени іс-шараларға белсенді қатысады. Үмиджон ән айтуды ұнатса, Мухамадамин гитара тартып, ән шырқайды. Ән – олардың жүрек үнін жеткізетін, достықты нығайтатын ортақ тіл.
Алғыс айту күні олар үшін – ризашылық пен татулықтың мерекесі. Екеуі де Қазақстанды өз Отаны деп біледі. Себебі бұл – олардың кіндік қаны тамған жері, балалық шағы өткен, армандары қалыптасқан мекені.
“Бірлік” ұғымын сарбаздар үлкен достық, өзара құрмет, ортақ мақсат деп түсінеді. Әскери ортада ұлтаралық татулықтың маңызы ерекше.
- Бір сапта тұрған сарбаз үшін ұлт емес, Отанға деген адалдық маңызды,- дейді сарбаздар.
5573 әскери бөлімінде қатар қызмет етіп жүрген Үмиджон мен Мухамадамин – Қазақстандағы ұлтаралық татулықты айқын дәлелі. Ұлты бөлек болғанымен, жүрегі бір, мақсаты ортақ. Оларды біріктірген – туған жерге деген сүйіспеншілік, қазақы тәрбие, Отанға адал қызмет ету анты.
Осындай сарбаздарға қарап, Қазақстанның болашағына сеніммен қарауға болады. Себебі ел тыныштығын күзетіп тұрған жас ұландардың жүрегінде бірлік бар, достық бар, Отанға деген шынайы махаббат бар.
Қазақстан – олардың тағдыры тоғысқан мекен ғана емес, жүрекпен таңдалған Отан. Ал бірлік пен татулық – сол Отанның мәңгілік тұғыры.
Лейтенант Әйгерім Балтабаева