Қазақстанда жүргізушілерге таныс міндетті автосақтандыру жүйесі алдағы жылдары жаңаша сипат алуы мүмкін. «Freedom Insurance» АҚ көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру (КҚИ АҚЖМС) бойынша тарифтерді есептеудің жаңа әдістемесін әзірлеуге арналған конкурс жариялады.
Бастама сақтандыру нарығында көптен бері айтылып жүрген мәселеге - тарифтердің әділдігі мен жүйенің тұрақтылығына жауап табуға бағытталған, деп хабарлайды DKNews.kz.
Нарық неге өзгерісті күтеді
Соңғы жылдары міндетті автосақтандыруға қатысты пікірталас жиілеп кетті. Сақтандыру компаниялары өнімнің шығынды екенін айтса, жүргізушілер апаттан кейінгі өтемақы көлемі жеткіліксіз деп санайды.
«Freedom Insurance» СК» АҚ басқарма төрағасы Азамат Керімбаев бұл теңгерімсіздікті былай сипаттады:
«Қазақстандағы міндетті автосақтандыру полисі бірнеше жылдан бері нарық пен қоғамның қазіргі талаптарына толық сәйкес келмейді. Сақтандыру компаниялары жеткілікті көлемде сақтандыру сыйақыларын жинай алмай отыр, сондықтан бұл өнім ұзақ уақыттан бері олар үшін негізінен шығынды болып келеді. Ал жүргізушілерге жол-көлік оқиғасынан кейін көлікке келтірілген залалды толық өтеуге төленетін өтемақы көлемі жеткіліксіз».
Азамат Керімбаев / суретті түсірген Валерий Аяпов
Жуырдағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сақтандыру заңнамасын қайта қарау қажеттігін атап өтіп, сақтандыру және бағалы қағаздар нарығын дамытуға бағытталған жаңа бағдарламалар әзірлеуді тапсырған болатын.
Конкурс мақсаты - әділ және заманауи тариф
Freedom Insurance сақтандыру саласының мамандарын, актуарийлерді және зерттеу топтарын жаңа тарифтік модель әзірлеуге шақырады. Негізгі мақсат - КҚИ АҚЖМС бойынша тариф қалыптастыру жүйесін жаңғыртып, тәуекелге негізделген тәсілге көшу.
Жеңімпаз модель реттеуші органға ұсынылып, болашақта нормативтік тұрғыда бекітілуі мүмкін. Бұл бүкіл сақтандыру нарығына әсер ететін маңызды қадам болмақ.
Ұйымдастырушылар тариф әкімшілік жолмен емес, нақты тәуекел мен сақтандырылған тұлғаның жеке параметрлеріне сүйене отырып есептелуі тиіс екенін атап өтеді.
Жаңа модельге қойылатын талаптар
Конкурс қатысушылары әзірлейтін әдістеме:
- жүйелік кросс-субсидиялауды азайтуы
- тарифтік факторлардың статистикалық негіздемесін дәлелдеуі
- модельдің ашық әрі түсіндірмелі болуын қамтамасыз етуі
- төлем жиілігі мен орташа төлем мөлшерін бөлек модельдеуі
- GLM немесе оған баламалы статистикалық әдістерді қолдануы
- credibility adjustments әдістерін енгізуі
- ғылыми негізделген бонус-малус жүйесін қалыптастыруы
- out-of-sample validation, стресс-тест және дискриминациялық әсерлер талдауын қамтуы тиіс
Сонымен қатар қатысушылар кемінде бес халықаралық модельді зерттеп, үздік тәжірибелерді Қазақстан нарығына енгізудің тиімділігін негіздеуі керек. Әдіснама ЭЫДҰ елдерінің тәсілдерін және тәуекелге негізделген реттеу қағидаттарын ескеруі қажет.
Сақтандыру тарифінің құрылымы таза сыйақыны, шығындарды, қорларға аударымдарды, ауытқу резервін және негізделген пайданы қамтуы тиіс. Негізгі сценарийде біріктірілген коэффициент 95-105% аралығында болуы керек.
100 млн теңгелік жоба
Конкурс 2026 жылғы 1 наурызда басталып, 2027 жылдың екінші тоқсанында аяқталады. Жоба кезең-кезеңімен іске асады:
- 2026 жылғы наурыз-маусым - бірінші кезең
- 2026 жылғы шілде-қыркүйек - екінші кезең
- 2026 жылғы қазан - 2027 жылғы наурыз - пилоттық кезең
- 2027 жылғы сәуір-маусым - енгізу кезеңі
Жалпы жүлде қоры 100 млн теңгені құрайды және кезеңдерге бөлінеді.
Қатысушылар тарифтердің күрт өзгеруін болдырмауға арналған өтпелі механизмді, әлеуметтік тұрғыдан осал топтарды қорғау құралдарын, коэффициенттерді жыл сайын жаңарту тетігін және салалық деректер базаларымен цифрлық интеграция алгоритмін әзірлеуі тиіс.
Қатысушыларға қойылатын талаптар
Команда құрамында:
- кемінде 7 жыл тәжірибесі бар жоба жетекшісі
- Қазақстанда танылған біліктілігі бар бас актуарий
- екі немесе одан да көп актуарлық аналитик
- сақтандыру құқығы бойынша заңгер
- макроэкономист
- дербес деректерді қорғау маманы
- халықаралық тәжірибелер сарапшысы
болуы қажет. Деректерді өңдеу тек Қазақстан аумағында жүргізіледі.

Әзірлеме нәтижелері кімге тиесілі
Әзірлеме нәтижелеріне құқықтар конкурс ұйымдастырушысы - «Freedom Finance Insurance» АҚ-қа тиесілі болады. Ұсынылған шешімдер қолдау тапқан жағдайда әдіснаманы мемлекеттік органдар пайдалана алады, ал компания туынды шешімдерді коммерциялық мақсатта қолдану құқығын сақтайды.
Жобаның маңызын Азамат Керімбаев былай түйіндеді:
«Жобаның қорытындысы міндетті автосақтандыру өнімі (КҚИ АҚЖМС) бойынша тұрақты модель қалыптастыруға, тариф қалыптастырудың ашықтығын арттыруға және демпингті төмендетуге бағытталуы тиіс. Әзірленген модельді нарыққа енгізу нәтижесінде қоғам тарапынан сақтандыру жүйесіне деген сенім артып, сала цифрлық тәуекелге негізделген архитектураға өтеді деп сенеміз. Конкурсқа қатысушыларға сәттілік тілеймін!»
Қайда жүгінуге болады
Конкурс туралы толық ақпарат пен қатысу шарттары ресми хабарламада жарияланған.
Қатысу мәселелері бойынша «Freedom Insurance» СК» АҚ актуарлық есептеулер департаментінің директоры Айжан Шукатаеваға хабарласуға болады: Aizhan.shukatayeva@ffins.kz
Бұл жүргізушілер үшін нені білдіреді
Егер бастама іске асса, қазақстандық жүргізушілер үшін тарифтер әділірек есептеліп, бонус жүйесі айқынырақ жұмыс істеуі және апаттан кейінгі өтемақылар тиімдірек болуы мүмкін.
Яғни сөз тек жаңа формула туралы емес, міндетті автосақтандыруды цифрлық, ашық және нақты тәуекелге негізделген жүйеге көшіру жайында болып отыр.