Ата заңға енгізіліп жатқан өзгерістер ел болашағын айқындайтын маңызды қадам ретінде бағалануда. Бұл туралы қазақ эстрадасының танымал өкілдері Мұрат Құсайынов пен Ақбота Керімбекова пікір білдірді, деп хабарлайды DKNews.kz.
«Ата заң – ел тірегі»
«Дос-Мұқасан» тобының көркемдік жетекшісі Мұрат Құсайынов Конституциялық реформаның қоғам назарындағы өзекті оқиға екенін атап өтті.
Суретті түсірген: instagram.com/dos_mukasan_official
«Ата заң – мемлекеттің басты құжаты. Ол – ел тірегі, ел айбыны, тәуелсіздіктің тұғыры. Қазақ елінің Негізгі заңына біраз өзгерістер мен толықтырулар жасалып жатыр. Әрине, бұл біздің болашағымыздың жарқын болуы үшін қолға алынған дүние деп сенемін. Олай болса, әр азамат 15 наурызда өтетін республикалық референдумнан қалыс қалмауы керек. Әркім өзінің ойын білдіріп, болашақ үшін таңдауын жасаса деген ниетім бар. Егемен еліміздің азаматы ретінде даусымызды берейік», – деді ол.
«Референдум – халық билігінің көрінісі»
Әнші Ақбота Керімбекова да өз көзқарасын білдірді.
Суретті түсірген: "Алғашқы" бағдарламасы
«Халық мүддесіне, халық игілігіне деп жасалып жатқан әрбір бастаманы қолдаймын. Себебі, халық – мемлекеттің негізі және біздің өнеріміз бен талантымызға баға беретін ең әділ төреші. Ал, референдум – халық билігінің көрінісі!», – деп жазды ол.
Маңызды таңдау кезеңі
Өнер өкілдері ел азаматтарын алдағы референдумға белсенді қатысуға шақырды. Әрбір дауыс – болашаққа жасалған қадам екенін атап өтті.
Конституциялық өзгерістер ел дамуының жаңа кезеңін айқындауға бағытталған. Қоғамдық пікір мен азаматтық белсенділік бұл үдерісте шешуші рөл атқарады.