ЖИ, бизнесті қолдау және ашық бюджеттер: Қаржы министрлігінің 2026 жылға арналған басымдықтары

825
Фотосурет: Gov

Қаржы министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында экономиканы цифрландыру, кәсіпкерлікті қолдау және мемлекеттік қаржыны тиімді басқару мәселелері қаралды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Жиынға Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, Қаржы министрі Мәди Такиев, ҚМ Қоғамдық кеңесінің төрағасы Жақсыбек Күлекеев және ведомство басшылығы қатысты.

Бюджет шығыстары қатаң бақылауға алынады

Вице-премьер Серік Жұманғарин Үкіметтің стратегиялық міндеттерін іске асыруда Қаржы министрлігінің рөлі ерекше екенін атап өтті.

«Былтыр Қазақстанның ІЖӨ 300 млрд доллардан асты. Жан басына шаққандағы ІЖӨ мөлшері 15 мың долларға жетті. Біз бюджет-салық реформасын жүргіздік. Оның мақсаты – мемлекеттік қаржыны шоғырландыру. Ал қазір бюджет шығыстарын одан әрі оңтайландырудағы негізгі рөл Қаржы министрлігіне жүктеліп отыр», – деді ол.

Сондай-ақ барлық бюджеттік бағдарламаларға ревизия жүргізіліп, шығындарды тұрақты тексеру жоспарланып отырғаны айтылды.

Конституциялық реформалар мен әлеуметтік басымдықтар

Қаржы министрі Мәди Такиев жаңа Конституция жобасында Әділетті Қазақстанның негізгі қағидаттары бекітілгенін атап өтті.

«Ата заңның жаңа мәтінінде Әділетті Қазақстанның негізгі бағдарлары бекітілген – заң алдында барлығының тең болуы, теңгерімді адал экономика, мүмкіндіктерді әділ бөлу және азаматтарды еститін әрі олардың мүддесіне жұмыс істейтін мемлекет», – деді министр.

Оның айтуынша, адам капиталы елдің стратегиялық дамуының басты бағыты болып қала береді.

Бюджет кірісі өсіп, жоспар артығымен орындалды

Қоғамдық кеңес төрағасы Жақсыбек Күлекеев мемлекеттік қаржы басқарудағы ынтымақтастықтың нақты нәтижелер бергенін айтты.

2025 жылы:

  • бюджет кірісі 24,6 трлн теңгеге жетті
  • жоспар 100,1% орындалды

Ал 2026 жылға арналған салық түсімдері жоспары 18,9 трлн теңге болып бекітіліп, бұл өткен жылмен салыстырғанда 30,6% жоғары.

«Мемлекеттік қаржының цифрлы картасы» енгізілді

Министрлік мемлекеттік қаржының ашықтығын арттыру үшін жаңа цифрлық жобаларды іске асыруда.

2025 жылы «Мемлекеттік қаржының цифрлы картасы» әзірленді. Ол:

  • бюджет кірісі мен шығысын геонүктелер арқылы көрсетеді
  • фискалды чектерді талдайды
  • өңірлік қаржы деректерін визуализациялайды
  • тәуекелдерді анықтауға мүмкіндік береді

Биыл жасанды интеллект көмегімен ұлттық экономиканы талдайтын толық платформа іске қосылмақ.

Бизнеске жаңа жеңілдіктер ұсынылды

Кәсіпкерлерді қолдау үшін Қаржы министрлігі бірқатар шараларды іске қосты.

Олардың қатарында:

  • «таза парақтан» акциясы
  • тексерістерге уақытша мораторий
  • әкімшілік жүктемені азайту
  • көлеңкелі экономиканы қысқарту

Бұл шаралар бизнес климатын жақсартуға бағытталған.

Цифрлы теңге мен ашық қаржы жүйесі

Жиында мемлекеттік сатып алу, аудит, кедендік әкімшілендіру және цифрлы теңгені пайдалану мәселелері де қаралды.

Сондай-ақ қаржы ағындарының ашықтығын қамтамасыз ету және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басты міндеттердің бірі ретінде атап өтілді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -