Алматыда «Қалқан» қысқы спартакиадасының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Дәстүрлі әскери-патриоттық жарыс биыл бесінші рет ұйымдастырылып отыр, деп хабарлайды DKNews.kz.
Іс-шараны Қазақстан Қарулы күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығы, Армия орталық спорт клубы және «Жас сарбаз» республикалық қозғалысы бірлесіп өткізуде.

Еліміздің өңірлерінен 72 жас спортшы келді
Биылғы спартакиадаға еліміздің түрлі өңірлерінен келген 17 команда құрамындағы 72 жас спортшы қатысып жатыр.
Жарыстың ашылу рәсіміне:
- Десанттық-шабуылдау әскерлері қолбасшысының орынбасары Раджан Жанысов
- Алматы қаласы қорғаныс істері департаментінің бастығы Жақсылық Айтбаев
- Қорғаныс министрлігі Спорт комитеті төрағасының орынбасары Атахан Нуриддинов
- «Жас сарбаз» қозғалысының төрағасы Мейірбек Меңдіғалиев қатысты.
Бағдарламада спорт пен әскери дайындық элементтері бар
Қысқы спартакиада бағдарламасына әскери-қолданбалы және спорттық сайыстар енгізілген.

Қатысушылар:
- президенттік көпсайыс жаттығуларын
- белтемірге тартылу
- қыздар үшін денені көтеру жаттығуын
- үш шақырымдық шаңғы жарысын
- пневматикалық мылтықтан ату сайысын орындайды
Жеңімпаздар командалық есеп бойынша жинаған ұпайлар нәтижесінде анықталады.

Қатысушыларға мәдени бағдарлама дайындалған
Спартакиада тек спорттық жарыстармен шектелмейді. Жас сарбаздар үшін мәдени-танымдық іс-шаралар да ұйымдастырылған.
Бағдарламада:
- Алматының көрікті жерлеріне экскурсия
- «Қалқан жалыны» кешкі алауы
- патриоттық фильмдер көрсетілімі
- әскери оқу орындарымен танысу
қарастырылған.

Жарыс тарихы мен чемпиондар
«Қалқан» қысқы спартакиадасы соңғы жылдары әскери-патриоттық тәрбиенің маңызды алаңына айналды.
Алдыңғы жылдардағы жеңімпаздар:
- 2022 жыл — Қостанай облысы
- 2023 және 2025 жылдары — Солтүстік Қазақстан облысы
- 2024 жыл — Ақмола облысы