Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Сақтандыру секторын қадағалау саясатының 2026 жылға арналған негізгі басымдықтарын әзірледі, деп хабарлайды DKNews.kz.
Құжат қадағалау процесінің тиімділігін арттыруға, сондай-ақ реттеуші орган қызметінің ашықтығы мен болжамдылығын қамтамасыз етуге бағытталған.
2030 жылға дейінгі даму бағдарламасы әзірленеді
Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында Агенттік Ұлттық Банкпен бірлесіп:
- Сақтандыру нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасын
- «Сақтандыру қызметі туралы» жаңа заң жобасын
әзірлейді.
Бағдарламаның мақсаты – сақтандыру секторының ұлттық экономикадағы үлесін арттыру және тәуекелдердің мемлекетке шамадан тыс жүктелуін азайту.
Негізгі бағыттар айқындалды
2026 жылға арналған басымдықтар қатарында:
- сақтандырудың міндетті түрлерін кеңейту
- нарық инфрақұрылымын жетілдіру
- цифрлық трансформацияны жеделдету
- жинақтаушы және инвестициялық сақтандыруды дамыту
- лицензиялау рәсімдерін оңайлату
- заңнаманы Solvency II қағидаттарына сәйкестендіру
қарастырылған.
Халықаралық стандарттарға негізделген жаңа модель енгізіледі
Агенттік Insurance Core Principles, Solvency II директивасы және ХҚЕС 17 стандарты талаптарына негізделген интеграцияланған қадағалау моделін енгізеді.
Қолданыстағы SRES жүйесі аясында сақтандыру ұйымдарының тәуекелдері, соның ішінде тұтынушылар шағымдары ескеріліп, жыл сайын бағаланады.
ХҚЕС 17 бойынша талаптар күшейтіледі
Жаңа Салық кодексіне сәйкес Агенттікке:
- сақтандыру міндеттемелерін бағалау әдістемесін бекіту
- оларды автоматтандыру талаптарын айқындау
- келісу тәртібі мен мерзімдерін белгілеу
өкілеттігі берілді.
2026 жылы сақтандыру ұйымдарының осы талаптарға сәйкестігі алғаш рет кешенді түрде талданады.
Тұтынушылар құқықтарын қорғау күшейтіледі
Сақтандыру қызметтерін тұтынушылардың құқықтарын қорғау басты назарда болады.
Мониторинг барысында:
- шағымдардың қолайлы деңгейі
- сақтандыру сыйлықақылары мен төлемдер арасындағы теңгерім
бойынша жаңа индикаторлар қолданылады.