Астанада Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі жариялаған донорлық айы аясында әскери медицина қызметкерлері өтеусіз негізде қан тапсыру акциясын өткізді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Игі бастамаға Қорғаныс министрлігінің Бас әскери-медициналық басқармасы мен Бас әскери клиникалық госпиталінің әскери қызметшілері мен азаматтық персоналы белсенді қатысты.

50-ден астам маман қан тапсырды
Акция барысында 50-ден астам дәрігер, мейірбике, әкімшілік және техникалық қызметкер донор болды.
Бас әскери-медициналық басқарма бастығының орынбасары, медицина қызметінің полковнигі Берік Ілиясовтың айтуынша, ерікті донорлық мәдениетті дамыту жұмыстары алдағы уақытта да әскери бөлімдер мен мекемелерде жалғасады.
Қан алу жұмыстарын санитарлық-эпидемиологиялық талаптар мен қауіпсіздік стандарттарын сақтай отырып, Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығының көшпелі мамандар бригадасы жүргізді.

Әскери госпитальдегі ерекше жауапкершілік
Донорлық акцияның әскери медициналық мекемеде өтуінің символдық мәні зор. Госпиталь қызметкерлері күн сайын науқастардың өмірі үшін күреседі.
Олардың донорлық қозғалысқа қатысуы – адам өмірін сақтауға және ұлттық денсаулық сақтау жүйесін нығайтуға қосқан нақты үлес.
Госпитальдің гинекология бөлімінің бастығы, медицина қызметінің полковнигі Айнұр Нұғыманова:
«Әскери қызметтегі 20 жыл ішінде әйел әскери қызметшілерге шұғыл қан құю қажет болған жағдайлармен бірнеше рет бетпе-бет келдім. Дәрігер ретінде нық сеніммен айта аламын, қан тапсыру тек өмірді сақтап қана қоймайды, ағзаға да оң әсер етеді. Яғни, қан түзілуін ынталандырып, қанның формалық элементтерінің жаңаруына ықпал етеді. Қанды жұмыс орнында тапсыру бізге қызметтен қол үзбей-ақ игі іске үлес қосуға мүмкіндік берді», – деді.
Гуманизм қағидатына адалдық
Әскери дәрігерлердің бұл бастамасы гуманизм мен қоғамға қызмет ету қағидаттарына адалдықтың нақты көрінісі болды.

Донорлық айы аясындағы акция әскери ортада да әлеуметтік жауапкершілік мәдениеті қалыптасып келе жатқанын айқын көрсетті.