Президент Қасым-Жомарт Тоқаев энергетика министрі Ерлан Ақкенженовті қабылдады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Кездесу барысында Мемлекет басшысына еліміздегі отын-энергетика кешенінің жағдайы, негізгі жобалардың іске асырылу барысы және секторды одан әрі дамыту жоспары туралы есеп берілді.
Мұнай өңдеу қуаты артады
Президентке мұнай саласында орнықты динамика сақталып отырғаны айтылды.
Сонымен қатар мұнай өңдеуді ұлғайту жоспары таныстырылды. Жобалар жүзеге асқанда:
- Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуаты жылына 6 млн тоннадан 12 млн тоннаға дейін
- Атырау мұнай өңдеу зауытының қуаты 5,5 млн тоннадан 6,7 млн тоннаға дейін
- Павлодар мұнай-химия зауытының қуаты 5,5 млн тоннадан 9 млн тоннаға дейін
арттырылады.
Жаңа энергетикалық нысандар
Ерлан Ақкенженов 2029 жылға дейін салынатын жаңа энергетикалық нысандар туралы мәлімет берді.
Биыл:
- Алматы қаласында екінші жылу электр орталығының құрылысы аяқталады
- Қызылорда облысында бу-газ қондырғысы негізінде электр станциясы салынады
- Түркістан облысында да осындай форматтағы жаңа станция іске қосылады
Сондай-ақ «Көмір өндіруді дамыту» ұлттық жобасының әзірлену барысы туралы ақпарат ұсынылды.
Президент тапсырмасы
Кездесу қорытындысында Мемлекет басшысы:
- мұнай-газ
- мұнай-газ химиясы
- электр энергетикасы
салаларындағы жобаларды уақтылы әрі сапалы іске асыруды тапсырды.
Президент өндірістік нысандардың тиімділігін арттыру үшін:
- цифрлық шешімдерді
- жасанды интеллект технологияларын
белсенді енгізудің маңызын атап өтті.