«Халық үні»: Тәуелсіз бақылаушылар – әділ референдумның кепілі

1419
Мәдина Есенова Редактор
Фотосурет: Gov

Қазақстанда 15 наурызда өтетін республикалық референдум қарсаңында азаматтық қоғам белсенділігі қайта жандана бастады.

Әсіресе, сайлау мен референдум процестерін бақылауға бағытталған тәуелсіз бастамалар көбейіп келеді. Солардың бірі – «Халық үні» тәуелсіз бақылаушылар тобы, деп хабарлайды DKNews.kz.

Алматыда өткен баспасөз мәслихатында бастамашыл топ өкілдері тәуелсіз бақылаушылар институтының маңызы туралы айтып, алдағы референдумда бақылаушылар дайындап жатқанын мәлімдеді. Олардың айтуынша, тәуелсіз бақылаушылар – тек сайлау процесінің бір бөлігі ғана емес, қоғамның саяси жауапкершілігінің көрінісі.

Бақылаушы – белсенді азамат

Саясаттанушы Нұрболат Нышанбайдың айтуынша, «Халық үні» тобы еліміздің бірнеше қаласында бақылаушыларды оқыту жұмыстарын бастап кеткен.

«Қазір біз Астана, Алматы, Шымкент, Талдықорған, Түркістан секілді өңірлерде бақылаушыларды оқытып жатырмыз. Референдум күні осы дайындықтан өткен азаматтар учаскелерде бақылаушы ретінде жұмыс істеп, дауыс беру процесін бақылауға ниетті. Бізде бұл бағытта тәжірибе бар. Бұған дейін де сайлаулар мен референдумдарда бақылаушыларды дайындап, жұмыс істегенбіз», – дейді ол.

Оның сөзінше, тәуелсіз бақылаушы болу үшін міндетті түрде саясаткер немесе заңгер болу шарт емес. Ең бастысы – қоғамға бейжай қарамайтын, белсенді азамат болу.

«Тәуелсіз бақылаушы дегеніміз – сергек саналы азамат. Кез келген адам бақылаушы бола алады. Ол үшін осындай бастамашыл топтардың қатарына қосылып, арнайы дайындықтан өту жеткілікті. Елдің мүддесін қорғау – бәріміздің ортақ міндетіміз», – дейді Нышанбай.

«Әділ процесс бақылаушыларсыз болмайды»

Белгілі публицист әрі саясаттанушы Бекнұр Кисиков тәуелсіз бақылаушылардың болуы кез келген саяси науқанның ашықтығы мен әділдігі үшін маңызды екенін айтады.

«Кез келген саяси процесс – тәуелсіз бақылаушыларсыз толыққанды әділ өтті деп айту қиын. Соңғы жылдары Қазақстанда тәуелсіз бақылаушылар ұйымдарының көбейіп келе жатқаны – жақсы белгі. Бұл қоғамның саяси белсенділігінің артып келе жатқанын көрсетеді», – дейді ол.

Кисиковтың айтуынша, «Халық үні» тобы бақылаушыларға материалдық сыйақы ұсынбайды. Бірақ олар өз тәжірибесімен бөлісіп, бақылаушыларға қажетті білім береді.

«Кейде бізден “бақылаушыларға не бересіздер?” деп сұрайды. Шынын айту керек – бұл жерде ақша немесе материалдық пайда жоқ. Бірақ біз өз тәжірибемізді үйретеміз, білімімізбен бөлісеміз. Бұл іске келіп жатқан азаматтардың өзі де оның қоғамдық миссия екенін жақсы түсінеді», – дейді сарапшы.

Бақылаушылар бар жерде жауапкершілік жоғары

Журналист Исламбек Дастан қазіргі уақытта Тараз қаласында бақылаушыларды оқытып жатқанын айтты. Оның пікірінше, тәуелсіз бақылаушылардың өзі учаскелердегі жауапкершілікті арттырады.

«Біз Таразда бақылаушыларды даярлап жатырмыз. Референдум күні олар өз міндеттерін адал орындап, процестің ашық өтуіне үлес қосады деп сенеміз. Жалпы тәжірибе көрсеткендей, бақылаушылар отырған учаскелер мен бақылаушылар жоқ учаскелердің нәтижелерінің өзі көп нәрсені аңғартады», – дейді ол.

Жастардың қызығушылығы артып келеді

Халықаралық сарапшы Нұргелді Әбдіғаниұлының айтуынша, соңғы жылдары Қазақстанда тәуелсіз бақылаушылар қозғалысына жастардың қызығушылығы артып келеді.

«Тәуелсіз бақылаушылар – электоралды процестердің әділ өтуіне мүдделі негізгі топтардың бірі. Қазір елімізде ондаған тәуелсіз бақылаушылар ұйымдары құрылып жатыр. Бұл қоғамдағы сенімді арттыратын жақсы үрдіс», – дейді сарапшы.

Оның айтуынша, әсіресе жастардың белсенділігі ерекше байқалады.

«Жастардың елдегі саяси процестерге бейжай қарамауы – өте маңызды. Себебі өзгерісті қалайтын да, жүзеге асыратын да – жастар», – дейді Әбдіғаниұлы.

Азаматтық белсенділіктің белгісі

Сарапшылардың айтуынша, тәуелсіз бақылаушылар қозғалысының күшеюі – Қазақстандағы азаматтық қоғамның дамып келе жатқанын көрсетеді. Әсіресе, референдум сияқты маңызды саяси науқандар кезінде қоғамдық бақылаудың болуы процестің ашықтығына деген сенімді арттырады.

Ал «Халық үні» тобының өкілдері референдум күні өздері дайындаған бақылаушылардың елдің әр өңіріндегі учаскелерде жұмыс істеп, дауыс беру процесінің әділ әрі ашық өтуіне үлес қосатынына сенімді.

Өйткені, олардың айтуынша, демократиялық қоғамда бақылаушы – тек бақылап отыратын адам емес. Ол – қоғамның үні.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -