Алматыда белсенділер референдумды бақылауға бірікті

1265
Мәдина Есенова Редактор
Фотосурет: Gov

Алматыда бір топ саясаттанушы, журналист және қоғам белсенділері бірігіп, алдағы референдум барысын бақылауға ниетті екендерін мәлімдеді.

«Халық үні» деп аталған бұл топтың мақсаты – дауыс беру процесінің ашық, әділ әрі заңға сай өтуіне қоғамдық бақылау жүргізу, деп хабарлайды DKNews.kz.

Топ мүшелері 15 наурыз күні өтетін референдумда түрлі сайлау учаскелерінде бақылаушы болып, дауыс беру процесін бастан-аяқ қадағалайтынын айтады.

«Әр бюллетень – бір адамның үні»

Бақылаушылар тобының бастамашысы, саясаттанушы Нұрболат Нышанбайдың айтуынша, қоғамдық бақылау – демократиялық процестің маңызды бөлігі.

Оның сөзінше, бақылаушылардың басты миссиясы – халық берген әр дауыстың әділ саналуын қадағалау.

«Референдумда дауыс беру процесін бақылау – өте жауапты іс. Біз осы іске өз үлесімізді қосу үшін белсенді азаматтармен бірігіп, “Халық үні” атты бақылаушылар тобын құрдық. Әр бюллетень – бір адамның дауысы, бір адамның үні. Сондықтан әр дауыс әділетті саналу керек», – дейді ол.

Нышанбайдың айтуынша, топ құрамында саяси процестерді бақылау тәжірибесі бар азаматтар бар. Мәселен, 2024 жылғы референдум кезінде де олар бақылаушыларды дайындап, арнайы оқыту жұмыстарын жүргізген.

Бұл жолы да бақылаушылар арнайы дайындықтан өтеді. Оларды оқытуға қоғамдық қайраткер Дос Көшім қатысады деп жоспарланып отыр.

Бақылаушылар не істейді?

Топ мүшелерінің айтуынша, бақылаушылар референдум күні таңертеңнен бастап учаскелерде болады және дауыс беру аяқталғанға дейін сол жерде қалады.

Егер заңбұзушылық байқалса, бақылаушылар оны тіркеп, заңға сәйкес рәсімдеуді талап етеді. Сонымен қатар, бақылау нәтижелері әлеуметтік желілерде жарияланып отырады.

«Мақсатымыз – референдумның ашық әрі әділ өтуіне үлес қосу. Кімнің қалай дауыс беретіні – әр адамның жеке таңдауы. Біз тек сол таңдаудың дұрыс есептелуін бақылағымыз келеді», – дейді топ жетекшісі.

«Сайлаудың тағдырын кейде дауыс санаушылар шешеді»

Топ мүшесі, журналист Нұргелді Әбдіғани Қазақстандағы саяси науқандар қоғам назарынан тыс қалмауы керек деп есептейді.

Оның айтуынша, ел тәуелсіздік алғаннан бері сайлау мен референдумдардың түрлі кезеңдерін көрді.

«Бұған дейін өткен сайлаулар кезінде түрлі заңбұзушылықтар туралы қоғам талай рет естіді. Кейде бақылаушыларға хаттамалар берілмеген, кейде учаскелерден заңсыз шығарылған жағдайлар болды. Сондықтан мұндай процестерге бейтарап қарауға болмайды», – дейді журналист.

Әбдіғани ағылшындар арасында айтылатын бір сөзді мысалға келтіреді:

«Сайлаудың нәтижесі – дауыс берушілердің санына емес, дауысты кім санайтынына байланысты».

Сондықтан, оның пікірінше, қоғамдық бақылау – халық таңдауының бұрмаланбауына көмектесетін маңызды құрал.

«Бақылаушы болу – үлкен жауапкершілік»

Бақылаушылар тобының тағы бір мүшесі, журналист және қоғам белсендісі Бекнұр Қисықов бақылаушы болу тек формалды қатысу емес екенін айтады.

Оның пікірінше, бұл – үлкен жауапкершілікті талап ететін жұмыс.

«Бақылаушы болу – тек қарап отыру емес. Бұл білімді, тәртіпті және кәсіби түрде болып жатқан процесті тіркей алуды талап етеді. Сонымен қатар, бұл – ел тағдырына қатысты маңызды кезеңде азаматтық позиция білдіру», – дейді ол.

Қисықовтың айтуынша, топ тәжірибелі бақылаушылармен қатар жаңа қатысушыларды да тартуды жоспарлап отыр. Сондықтан бақылаушы болғысы келетін азаматтарға есік ашық.

«Дауыстың ұрлануына жол бермеу керек»

Топ құрамында қоғамдағы әділетсіздік пен сыбайлас жемқорлық мәселелерін көтеріп жүрген азаматтар да бар. Солардың бірі – Исламбек Дастан.

Ол қоғамдық бақылау әділ сайлауға бастайтын маңызды қадам деп санайды.

«Мен қоғамдағы саяси процестерден тыс қалған емеспін. Белсенді ретінде де, журналист ретінде де әділеттілік маңызды деп есептеймін. Сондықтан референдум кезінде бақылаушыларды дайындап, дауыс беру процесін бақылаймыз», – дейді ол.

Дастанның айтуынша, бақылаушылардың негізгі міндеті – заңбұзушылықтарды тіркеу, қажет болған жағдайда хаттамаларды талап ету және процестің ашық өтуін бақылау.

Бақылаушылар бірнеше өңірде жұмыс істемек

«Халық үні» тобының мүшелері тек Алматыда ғана емес, елдің бірнеше өңірінде бақылаушылық жүргізуді жоспарлап отыр.

«Мүмкіндігіміз жеткенше көп елді мекенді қамтуға тырысамыз», – дейді олар.

Белсенділердің пікірінше, қоғамдық бақылаудың күшеюі референдум нәтижесіне деген сенімді арттырады. Ал ең бастысы – әр азаматтың таңдауы әділ есептелуіне мүмкіндік береді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -