Неліктен цифрлық ассистенттердің дауысы көбіне әйелдікі?

1925
Фотосурет: Gov

Көптеген цифрлық ассистенттердің дауысы неге әйел адамның дауысы екені жайлы ойланып көрдіңіз бе? Алиса, Siri, Alexa — біз олардың сабырлы әрі жағымды тембріне әлдеқашан үйреніп кеттік. Сарапшылар мұндай дауыс технологияны адамдарға түсініктірек әрі жақынырақ ететінін айтады, деп хабарлайды DKNews.kz.

Алайда «интерфейстің» ар жағына үңілсек, біз тек алгоритмдерді ғана емес, сол жүйелерді жасап жатқан адамдарды көреміз. Бүгінде жасанды интеллект әлемінде инженерлердің, зерттеушілер мен кәсіпкерлердің қатарында әйелдердің дауысы барған сайын анық естіліп келеді.

Қазақстан үшін жасанды интеллектті дамыту мемлекеттік күн тәртібінің маңызды бөлігіне айналды. Сондықтан технологиялық серпілістердің бастауында әйелдердің тұруы символдық қана емес, нақты нәтиже беріп жатқан үрдіс.

Денсаулық сақтау саласындағы ЖИ: диагнозды дәлірек қою

Қазақстанда жасанды интеллекттің медицинаға енгізілуі адам денсаулығын қорғаудан басталып отыр.

Асылзат Исатаеваның жетекшілігімен дамып жатқан AIDENTIS стартапы — соның айқын мысалы. Бұл жоба стоматология саласында жасанды интеллектті қолданады.

Жүйе рентген-суреттерді талдай отырып, дәрігердің көзі байқамай қалуы мүмкін өзгерістерді анықтайды. Соның нәтижесінде диагноз қою дәлдігі айтарлықтай артады, ал емдеу процесі әлдеқайда тиімді бола түседі.

Мұндай технологиялар дәрігердің жұмысын алмастырмайды, керісінше оның мүмкіндігін кеңейтеді. Яғни жасанды интеллект медицинадағы екінші «көмекші көзге» айналып келеді.

Превентивті медицина: ауруды емдеу емес, алдын алу

Превентивті медицина бағытында жұмыс істеп жүрген тағы бір қазақстандық инженер — Алуа Мұсралина.

Оның кәсіби жолы халықаралық деңгейдегі тәжірибемен байланысты. Германияда Audi және Mercedes-Benz компанияларының ұшқышсыз көліктерінің қауіпсіздігі бойынша жұмыс істеген ол кейін машиналық оқыту саласына терең бет бұрды.

Бүгінде оның Umaia жобасы (Hemo.Labs аналитикалық платформасының негізінде құрылған) адамдарға арналған жеке цифрлық кеңесші іспеттес.

Платформа зертханалық көрсеткіштерді және адамның өмір салтын талдап, нәтижені түсінікті форматқа айналдырады, яғни ұсыныстар қарапайым күнделікті әрекеттер мен геймификацияланған тапсырмалар түрінде беріледі.

Нәтижесінде адамдар ауруды кеш кезеңде емдеудің орнына, оның алдын алуға мүмкіндік алады.

Қазақстандық инженерлердің технологиялары АҚШ нарығында

Жасанды интеллект саласындағы қазақстандық таланттар бүгінде халықаралық нарықта да танылып келеді.

Соның бір мысалы — Tenvos AI компаниясының тең құрылтайшысы Рима Сеилова-Олсон.

Ол өзінің инженерлік мансабын Kaspi компаниясында бастаған алғашқы он инженердің бірі болды. Кейін ол АҚШ-та психикалық денсаулық саласына арналған технологияларды дамытуға қатысты.

Рима Сеилова-Олсон қатысқан Kintsugi Health жобасы депрессияны диагностикалауға арналған жасанды интеллект құралдарын жасады және Forbes нұсқасы бойынша әлемдегі ең үздік 50 компанияның қатарына енді.

Қазір оның командасы өндірістегі қауіпсіздік мәселелерін шешуге бағытталған технология әзірлеуде.

Жүйе небәрі 6 секунд ішінде адамның сөйлеуін талдап, қызметкердің шаршау немесе мас болу деңгейін анықтай алады. Бұл шешім құрылыс, авиация және энергетика салаларындағы апаттардың алдын алуға көмектеседі.

Мейрамхана индустриясындағы жасанды интеллект

Жасанды интеллект тек медицина немесе қауіпсіздік саласында ғана емес, бизнес процесстерін де түбегейлі өзгертуде.

Бұл бағытта Aldente AI компаниясының тең құрылтайшысы Лаура Таганова ерекше жобаны іске асырды.

Ол мейрамхана индустриясындағы ең күрделі процестердің бірі — жеткізу қызметіндегі ұйымдастыру мәселелерін автоматтандырумен айналысты.

500 Global қоры қолдаған жүйе тапсырыстарды жинау процесін бейне арқылы талдайды және қызметкерлер арасындағы коммуникацияны автоматты түрде үйлестіреді.

Бұл шешімнің тиімділігі соншалық, бүгінде ол мыңдаған нүктесі бар америкалық Panda Express желісінде қолданылып келеді.

Жасанды интеллект дәуіріндегі әйел көшбасшылығы

Осы мысалдардың барлығы Қазақстанда жасанды интеллекттің дамуына әйелдердің қосқан үлесі жай ғана статистика емес екенін көрсетеді.

Бұл — технологиялық болашақты қалыптастыруға қосылған нақты үлес.

Қазақстандық инженерлердің жобалары медицинадан бастап өндірістік қауіпсіздікке, цифрлық денсаулыққа және бизнесті автоматтандыруға дейінгі түрлі салаларды қамтиды.

Көктемнің жаңаруымен қатар келген бұл үрдіс тағы бір маңызды шындықты еске салады.

Әрбір табысты кодтың, әрбір ақылды сервистің артында еліміздің цифрлық болашағын қалыптастырып жатқан әйелдердің кәсібилігі мен көшбасшылығы тұр.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -