Жарқын үлгі – өмірлік бағдар

1617
Фотосурет: ҚР ҰҰ баспасөз қызметі

Нұртас Әлібеков 2002 жылы 7 мамырда Петропавл қаласында дүниеге келген. Отбасында ата-анасы және үш қарындасы бар. Әкесі Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының Оқу және ғылыми жұмыс бөлімінің бастығы қызметін атқарады. Ал анасы математика пәнінің мұғалімі.

Нұртас Арманұлының балалық шағы қызықты өткен. Себебі ол жас­тайынан спортпен шұғылданып, ерте есейіп, жауапкершілікті сезінуді үйренген. Спорт оны тәртіпке, төзімге және алға қойған мақсатына табандылықпен жетуге баулыған.

− Мен спортқа алғаш рет 2007 жылы, 5 жасымда келдім. Алғашқы шұғылданған спорт түрім − каратэ. Алайда денсаулығыма байланысты және дәрігердің кеңесі бойынша 2008 жылы Петропавл қаласындағы «Дельфин» спорттық жаттығу кешенінде жүзумен шұғылдана бастадым. 2008-2010 жылдар аралығында жүзуді кәсіби тұрғыда меңгердім. 2010 жылы Астана қаласындағы «Қазақстан» жаттықтыру кешеніне ауыстым. 2011–2019 жылдары Астана қаласының құрамында жүзу спортынан кәсіби түрде жарыстарға қатыстым. Алматы, Тараз, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Көкшетау, Петропавл қалаларында өткен турнирлерге қатысып, жүлделі орындарға ие болдым, − дейді жас офицер.

Ол 2019 жылы мектеп бітіргеннен кейін бессайыс (пятиборье) спортына ауысқан. Бұл спорт түрі бірнеше ойындардан құралған. Яғни жүзу, лазер-ран, семсерлесу (фехтование) және жеңіл атлетикадан құралған спорттың бір түрі. 2019-2023 жыл аралығында Қазақстан Республикасы және Азия жарыстарына қатысып, спорт шеберіне үміткер болған.

Офицердің спорттағы ең алғашқы жеңісі әлі күнге дейін есінде қалған.

− Менің алғашқы жаттығу күнім әлі есімде. Суық әрі терең бассейнге көз жүгірткенде қорқыныш пен қызығушылық қатар сезілді. Дегенмен жаттықтырушымның қолдауы маған сенім берді. Сол күннен бастап спортқа деген қызығушылығым артты. Ал ең алғашқы жеңісім Көкшетау қаласында өткен жарыста 3 орын алуым болды. Сол сәттен бастап спортқа деген көзқарасым өзгеріп, жеңіс пен жауапкершілікті сезіндім. Еңбектің ақталғанына көзім жетіп, ерекше сезімде болдым. Спортты жай хобби емес, өмір салтымның бір бөлшегі ретінде қабылдай бастадым, – дейді әскери қызметші.

Кәсіби спорттан кеткеннен кейін Нұртас Арманұлы сол сәттерін ерекше сағынатынын да атап өтті.

− Жаттығу процесі мен жарыс алдындағы ерекше атмосфераны әлі де аңсаймын. Ондай сәттерді ұзақ уақыт бойы еске алғың келеді. Сонымен қатар осындай мүмкіндік сыйлаған ата-анам мен бапкерімнің еңбегін жоғары бағалаймын, - деді ол.

Қазіргі уақытта ол өмірін әскери қызметке арнап жүр. Оның негізгі міндеті – қызметтік-әдістемелік материалдарды уақытылы басып шығару, құжаттармен қамтамасыз ету және олардың техникалық талаптарға сай болуын қадағалау. Әскери қызметке дейін Нұртас Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ақпараттық қауіпсіздік саласы бойынша білім алған. Мамандығы бойынша әскери оператор маманы болып, кейін Мемлекеттік құпияларды қорғау орталығында маман ретінде қызмет атқарған. 2023 жылы маусым айында әскер қатарына шақырылып, әскери қызметші болып Ұлттық ұлан қатарына қосылған.

– Мен үшін спорттағы тәртіп пен төзімділік әскери қызметтің күнделікті ырғағымен үндеседі. Қарапайым күн секілді көрінгенімен, оның ішкі мәні терең. Айырмашылық сырттай байқалмауы мүмкін, бірақ психологиялық тұрғыдан ол адамды ерекше күйге бөлейді. Спорт – адамды жинақылыққа, табандылыққа, жылдам әрі нақты шешім қабылдауға үйретеді. Әсіресе әскери қызметкер үшін спорттың маңызы зор. Себебі, спорт мотивация береді, қызығушылықты арттырады, мақсатқа жетуге жетелейді. Әскери қызмет – темірдей тәртіп пен жоғары жауапкершілікті қалыптастырды. Ал баспа саласы ұқыптылық пен дәлдікті талап етеді, – дейді Нұртас Әлібеков.

Өз-өзін шыңдай білген әскери қызметші спорттағы тәртіп пен отбасындағы тәрбиенің арқасында биік шыңдарды бағындырды. Әке өнегесі – ұл үшін өмірлік бағдар. Сол тәрбиенің ықпалы спортшының табандылығын арттырып, үлкен жетістіктерге жетуге ықпал етті. Ал ананың мейірімі мен қолдауы – оның жарқын болашағына жол ашқан басты күш.

– Өзімнен кейінгілерге айтарым: ең алдымен өз мақсатыңды айқында, сол бойынша әрекет жасауға талпын. Таңдаған жолыңа адал бол. Жеңіл жол іздеме. Жетістік – спортта да, әскери қызметте де тәртіп пен табандылықтың арқасында келеді. Ең бастысы – білімге ұмтылу керек. Себебі білім мен еңбек қана адамды биікке жетелейді, – дейді Ұлттық ұлан қызметкері.

Спортшының бұл сөздерінен оның өмірлік ұстанымы айқын аңғарылады. Иә, жетістік кездейсоқ келмейді. Ол жүйелі еңбектің нәтижесі. Тәртіпке негізделген өмір салты мен дұрыс тәрбие адамды жауапкершілікке баулиды. Қай салада болсын, мақсатқа адалдық пен білімге ұмтылыс табысқа бастайтын басты тетік. Осындай ұстаным – қоғамға берік тұлға қалыптастырудың негізі.

Ұлдана Ерхожақызы, ҚазҰУ 4 курс студенті

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -