Италияда XIV қысқы Паралимпиада ойындарының ашылу салтанаты өтті

1188
Фотосурет: t.me/Turizm_jane_sport_ministrligi

Италияның Верона қаласында XIV қысқы Паралимпиада ойындарының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Дүбірлі дода Милан–Кортина-2026 Паралимпиадасының басталуын ресми түрде жариялады, деп хабарлайды DKNews.kz.

Биылғы ойындарға әлемнің 56 елінен 600-ден астам спортшы қатысады. Олар бірнеше спорт түрі бойынша медаль үшін таласады.

Қазақстан құрамасы қандай спорт түрлеріне қатысады

Қысқы Паралимпиада ойындарында Қазақстан ұлттық құрамасы пара шаңғы жарысы мен пара биатлон бойынша ел намысын қорғайды.

Пара биатлон мен пара шаңғы жарысында Ербол Хамитов, Александр Герлиц, Сергей Усольцев және Юрий Березин өнер көрсетеді, ал пара шаңғы жарысынан Нурлан Алимов, Владислав Кобаль және Анна Грачёва жарыс жолына шығады.

Вице-министр спортшыларға сәттілік тіледі

Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев Қазақстан құрамасының бұл жарысқа ұзақ әрі күрделі дайындықпен келгенін атап өтті.

«Бұл ойындар – біздің құрамамыз үшін өз шеберлігін дәлелдеп, ел намысын абыроймен қорғауға берілген тағы бір маңызды мүмкіндік. Қазақстан ұлттық құрамасының әрбір спортшысы осы додаға ұзақ әрі күрделі дайындық арқылы келді. Олар күн сайын еңбек етіп, өз мүмкіндіктерін дәлелдеуге тырысты. Ертең спортшыларымыз үшін алғашқы жарыс күні. Барша қазақстандықтарды ұлттық құрамамызға жанкүйер болуға шақырамын. Біздің спортшыларымызға сәттілік, әділ жарыс және жарқын жеңістер тілеймін», – деді Серік Жарасбаев.

Қысқы Паралимпиадада қандай спорт түрлері бар

Милан-Кортина-2026 XIV қысқы Паралимпиада ойындары 6–15 наурыз аралығында өтеді.

Жарыс бағдарламасына пара шаңғы жарысы, пара биатлон, арбадағы керлинг, пара сноуборд, тау шаңғысы және пара хоккей кіреді, ал жалпы есепте спортшылар 79 медаль жиынтығы үшін бақ сынайды.

Қазақстандық спортшылар алғашқы жарысқа шығады

Қазақстан ұлттық құрамасы 7 наурыз күні пара биатлоннан 7,5 шақырымдық спринт жарысына қатысады.

Бұл сында Ербол Хамитов, Александр Герлиц, Сергей Усольцев және Юрий Березин өнер көрсетеді.

Қазақстандық спортшылар қатысатын жарыстың тікелей трансляциясы Qazsport телеарнасынан көрсетіледі.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -