Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстандағы елдік офисінің басшысы Скендер Сыламен және ДДҰ Еуропалық өңірлік бюросының директоры Мелитта Якабпен кездесу өткізді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Кездесу барысында тараптар жаһандық және өңірлік деңгейлерде медициналық-санитариялық алғашқы көмекті (МСАК) дамыту бойынша өзара іс-қимылды жалғастыруға ниетті екенін растады.
Қазақстанда бастапқы медициналық көмекті дамыту жалғасуда
Кездесу кезінде Денсаулық сақтау министрі бастапқы медициналық көмек жүйесін жаңғырту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып берді.

«Біз бастапқы буынды жаңғырту бойынша ауқымды жұмыс жүргіздік, бұл нақты нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік берді: халықты МСАК-пен қамту 80%-ға дейін өсті, ал жалпы практика дәрігерлері консультацияларының қолжетімділігі 3,5 есе артты. Біз көпбейінді командаларды сәтті енгізіп, орта медицина қызметкерлерінің өкілеттіктерін кеңейттік, бұл медициналық көмекті барынша жедел және пациентке бағдарланған етті», – деп атап өтті Ақмарал Әлназарова.
Қазақстан МСАК бойынша жаһандық коалиция құруды қолдады
Мемлекет басшысының бастамасымен Қазақстан медициналық-санитариялық алғашқы көмек бойынша елдердің жаһандық коалициясын құруды қолдады.
Қазіргі уақытта бұл бастамаға Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына мүше 18 мемлекет қосылған.
Алматыдағы ДДҰ офисінің рөлі ерекше
Тараптар Алматыда орналасқан МСАК бойынша ДДҰ географиялық қашықтағы офисінің қызметіне ерекше назар аударды.
2016 жылдан бері бұл офис Қазақстанның сараптамалық тәжірибесін халықаралық деңгейде таратуға мүмкіндік беретін маңызды алаңға айналды.
Соңғы екі жылда ДДҰ-ның Еңбекшіқазақ ауданындағы демонстрациялық алаңы базасында әлемнің 10 елінен 100-ден астам маман оқытылды.
Ынтымақтастықтың жаңа кезеңі басталуы мүмкін
Қазақстан тарапы стратегиялық әріптестікті нығайту мақсатында Алматыдағы ДДҰ географиялық қашықтағы офисінің қызметін 2026–2035 жылдарға дейін ұзартуға дайын екенін білдірді.
Алдағы уақытта Женевада өтетін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясының 79-сессиясында жаһандық коалиция тұжырымдамасы мен соңғы он жылдағы бірлескен жұмыстың нәтижелері таныстырылады.