Алматы полиция департаментінде Халықаралық әйелдер күніне орай салтанатты іс-шара ұйымдастырылды. Мерекелік кеш ішкі істер органдарында қызмет атқарып, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге үлес қосып жүрген әйел қызметкерлердің құрметіне арналды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Іс-шараға департаменттің әйел қызметкерлері мен ардагерлері қатысып, олардың қызметі мен қоғамдағы рөлі ерекше атап өтілді.
Әйел полицейлердің еңбегі жоғары бағаланды
Алматы қаласы полиция департаментінің бастығы Айдын Кабдулдинов қызметкер әйелдерді мерекемен құттықтап, олардың ішкі істер органдары жүйесіндегі маңызды рөлін атап өтті.
– Погон таққан әйелдер ер азаматтармен қатар күрделі әрі жауапты міндеттерді абыроймен атқарып келеді. Сіздер жоғары кәсібилік, төзімділік пен қайсар мінез көрсетіп қана қоймай, адамгершілік, мейірім мен әділдікке деген ерекше сезімді сақтай білесіздер. Бұл қасиеттер қоғамның полицияға деген сенімін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады, – деді Айдын Кабдулдинов.
Полиция ардагерлеріне де құрмет көрсетілді
Департамент басшысы ішкі істер органдарының әйел ардагерлеріне алғыс білдіріп, олардың кәсіби дәстүрлерді қалыптастырып, тәжірибесін жас буынға жеткізудегі еңбегін атап өтті.
– Сіздер ұжымның көркі ғана емес, оның сенімді тірегісіздер. Еңбектеріңіз, жауапкершіліктеріңіз бен қызметке деген адалдықтарыңыз қаламыздағы тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды бөлігі болып табылады, – деп атап өтті Алматы полициясының басшысы.
Мерекелік концерт ұйымдастырылды
Салтанатты шара аясында қызметкерлер мен қонақтарға арналған мерекелік концерт ұйымдастырылды.
Бағдарлама барысында қазақстандық эстрада жұлдыздары өнер көрсетіп, танымал әндер шырқалып, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Мерекелік кеш жауапты қызметті абыроймен атқарып, кәсіби жетістіктер мен отбасылық өмірді қатар алып жүрген әйел қызметкерлерге көрсетілген құрметтің белгісіне айналды.