Қазақстанда жасанды интеллект технологияларын мектеп тәжірибесіне енгізудің әдістемелік негіздері бекітілді. Тиісті талаптар мен шектеулер Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы әзірлеген арнайы құжатта нақтыланған, деп хабарлайды DKNews.kz.
Жасанды интеллект мұғалімді алмастырмайды
Әдістемені әзірлеудегі басты қағида – жасанды интеллект мұғалімді алмастырмайды.
ЖИ тек сабаққа дайындалуға, оқу материалдарын бейімдеуге және талдау жасауға көмектесетін құрал ретінде қарастырылады. Ал оқушыларды бағалау, оқу мазмұнын таңдау және соңғы шешім қабылдау құқығы толықтай мұғалімнің құзырында қалады.
Сондықтан білім нәтижелерін толық автоматтандыруға жол берілмейді және жасанды интеллект дайындаған кез келген материал міндетті түрде мұғалімнің тексеруінен өтуі тиіс.
Цифрлық қауіпсіздікке ерекше мән берілген
Құжатта цифрлық қауіпсіздік мәселесіне ерекше назар аударылған.
Атап айтқанда, оқушылардың жеке деректерін бөгде сервистерге енгізуге болмайды және сабақ барысында қолданылатын платформалар Қазақстан заңнамасының талаптарына сай болуы қажет.
Сонымен қатар академиялық адалдықты сақтау мәселесі де маңызды талаптардың бірі ретінде көрсетілген.
Оқушылар ЖИ көмегімен дайындалған жұмысты өз еңбегі ретінде көрсете алмайды
Әдістемеге сәйкес, оқушылар жасанды интеллект арқылы дайындалған жұмыстарын өз еңбегі ретінде ұсына алмайды.
Егер мұндай жағдай анықталса, мұғалім тапсырманы қайта орындауға беруге құқылы.
Мұғалімдерге арналған дайын алгоритмдер ұсынылды
Әдістемелік ұсынымда педагогтерге Canva, ChatGPT, Gemini Storybook, Notebook LM, Reading Coach және Google Lens сияқты сервистерді сабақта қолданудың дайын алгоритмдері мен сценарийлері ұсынылған.
Бұл тәсіл мұғалімдердің әкімшілік жүктемесін азайтып, оқу материалдарын оқушылардың жеке ерекшеліктеріне бейімдеуге мүмкіндік береді.
Әдістеме педагогтер мен оқушыларға қолжетімді
Әдістемелік ұсыным Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының ресми сайтында жарияланған.
Құжат педагогтерге, әдіскерлерге, білім беру ұйымдарының басшыларына және оқушыларға арналған.
Мамандардың айтуынша, бұл бастама мектептердің цифрлық трансформациясын жүйелі түрде қолдауға бағытталған.