Сәтбаев қаласының педагогикалық қауымдастығы конституциялық реформаны және алдағы референдумды қолдады

858
Анастасия Ким Редактор
Фотосурет: Gov

Ұлытау облысының Сәтбаев қаласындағы Абай атындағы №4 мектеп-лицейінде маңызды қоғамдық кездесу өтті.

Мұнда «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін» жалпыұлттық коалициясының мүшелері оқу орнының педагогикалық ұжымымен жүздесіп, жаңа Конституция жобасының мазмұнын талқылады

Кездесуге делегацияны бастап келген Қазақстан Республикасының Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева болды. Сондай-ақ жиынға Мәжіліс депутаты Аманжол Алтай, заңгерлер мен сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысты.

Мектеп – тең мүмкіндік беретін орта

Кездесудің негізгі тақырыбы білім беру саласына қатысты конституциялық нормалар болды. Педагогтармен сөйлескен Аида Балаева жаңа Конституция жобасында білім беру жүйесіне ерекше назар аударылғанын айтты.

Оның айтуынша, құжатта Қазақстандағы білім беру жүйесінің зайырлы сипаты нақты әрі айқын бекітіледі. Бұл норма дінге қарсы бағытталмаған және азаматтардың ар-ождан бостандығын шектемейді. Керісінше, оның мақсаты – мемлекеттік мектептердің барша бала үшін тең әрі бейтарап білім беру кеңістігі болып қалуын қамтамасыз ету.

«Әрбір бала ата-анасының көзқарасына қарамастан, әділдік пен тең мүмкіндік қағидаттарына негізделген ортада білім алуы тиіс. Білім беру стандарттары барлық оқушы үшін бірдей болуы қажет», – деді министр.

Білімге қатысты жаңа кепілдіктер

Жаңа Конституция жобасында білім беру саласындағы кепілдіктер тек сақталып қана қоймай, кеңейтілетіні де атап өтілді.

Қазіргі Конституцияда міндетті білім беру орта деңгеймен шектелсе, жаңа жобада міндеттілік бастауыш білім деңгейінен бастап бекітіледі. Бұл мемлекет әрбір баланың білім алуына алғашқы қадамынан бастап жауапты болады деген сөз.

Яғни, базалық білім – әрбір қазақстандық балаға міндетті түрде қолжетімді болуы тиіс.

Аида Балаеваның айтуынша, жаңа Конституцияның негізгі идеясы тек құқықтық нормалармен шектелмейді. Оның өзегінде – адам және оның әл-ауқаты тұр.

«Елдің болашағы ең алдымен адам капиталының сапасына, білім деңгейіне және азаматтардың жасампаз әлеуетіне байланысты. Сондықтан білім, ғылым және инновацияларды дамыту – мемлекеттің стратегиялық басымдықтарының бірі», – деді вице-премьер.

«Күшті мемлекет мектептен басталады»

Жиында сөз алған Мәжіліс депутаты Аманжол Алтай да білім мәселесіне ерекше тоқталды. Оның айтуынша, жаңа Конституция жобасы тәуелсіздікті нығайтуға, қоғамдық келісімді сақтауға және мемлекеттің тұрақты дамуына бағытталған.

«Күшті мемлекет мектептен басталады. Мұғалімнен, тәрбиеден, ойлай алатын, жауапкершілігі бар, білімді ұрпақтан басталады. Білім арқылы біз тәуелсіз Қазақстанның болашағын қалыптастырамыз», – деді депутат.

Оның пікірінше, жаңа Конституцияда білім мен адам капиталына ерекше көңіл бөлінуі – елдің стратегиялық даму бағытын көрсетеді.

Конституция – халыққа түсінікті болуы керек

Кездесу барысында заң ғылымдарының докторы, білім беру саласының белгілі қайраткері Нұрлан Дулатбеков те сөз сөйледі. Ол Конституция тек заңгерлерге арналған құжат емес, әрбір азаматқа түсінікті болуы тиіс екенін айтты.

«Конституция халыққа жақын, әр адамға түсінікті болуы керек. Сондықтан оның құндылықтық негізі – білім, ғылым, мәдениет және адам капиталы сияқты басымдықтармен байланысты», – деді ол.

Ғалымның айтуынша, егер осы бағыттар жүйелі түрде жүзеге асса, бұл Қазақстанның тұрақты дамуына берік негіз болады.

Педагогтар не дейді?

Кездесуге қатысқан мектеп ұстаздары да реформаларды қолдайтындарын айтты. Абай атындағы №4 мектеп-лицейінің мұғалімі Балзия Ералиева жаңа Конституциядағы өзгерістер педагогикалық қауымдастық үшін маңызды екенін атап өтті.

«Жаңа Конституцияны қолдау – біздің балаларымыздың болашағын қолдау. Мұғалімдер үшін ең маңыздысы – тең мүмкіндік, сапалы білім және адам капиталын дамыту», – деді ол.

Референдум алдындағы пікір алмасу

Кездесу соңында педагогтар алдағы референдумға белсенді қатысудың маңызын атап өтті. Олардың айтуынша, азаматтардың саналы таңдауы ел болашағын қалыптастыруда үлкен рөл атқарады.

Сәтбаевтағы бұл кездесу – қоғамдағы маңызды өзгерістер туралы ашық диалогтың бір көрінісі. Сарапшылардың пікірінше, мұндай кездесулер жаңа Конституцияның мәнін түсіндіруге ғана емес, азаматтардың пікірін тыңдап, қоғамдық сенімді нығайтуға да мүмкіндік береді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -