Қазақстанда өтіп жатқан жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі республикалық референдум халықаралық бақылаушылардың да назарында. Солардың бірі – Өзбекстан Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Зайниддин Низамходжаев дауыс беру барысын жоғары бағалап, дайындық деңгейі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Оның айтуынша, Өзбекстан делегациясы Қазақстанға кеше келіп, бірден референдумды ұйымдастыру жұмыстарына қатысты кездесулер өткізген.
«Біз кеше келдік. Келгеннен кейін бірден референдум өткізу жөніндегі Орталық комиссияның төрағасымен және мүшелерімен екіжақты кездесу өткіздік. Дайындық барысына қатысты барлық сұрағымызға жан-жақты жауап алдық», – деді ол.
Делегация дайындық деңгейіне назар аударған
Зайниддин Низамходжаевтың айтуынша, халықаралық бақылаушылар референдумды ұйымдастырудың барлық кезеңіне ерекше назар аударған. Оның сөзінше, қысқа уақыт ішінде атқарылған дайындық жұмыстары делегацияға оң әсер қалдырған.
«Әріптестеріміз барлық сұраққа толық жауап берді. Сол себепті референдумды өткізуге жауапты топтың толық дайын екеніне көз жеткіздік», – деп атап өтті ол.
«Бұл – Қазақстан үшін жаңа тарихи белес»
Бақылаушының пікірінше, бүгінгі дауыс беру елдің саяси өміріндегі маңызды кезеңдердің бірі болып саналады.
«Бүгін өтіп жатқан референдум – Қазақстан үшін жаңа тарихи белес, елдің жаңа болашағының бастауы», – деді ол.
Көп жылдан бері сайлау жүйесінде еңбек етіп келе жатқан маман ретінде Зайниддин Низамходжаев дайындық жұмыстарының ауқымы мен сапасы айқын көрініп тұрғанын атап өтті.
«Сайлау комиссиясының басшысы ретінде әріптестеріміздің өте ауқымды дайындық жұмыстарын жүргізгені мені қуантады. Бұл бүгін анық көрініп тұр, ал біз соның куәсі болып отырмыз», – деді ол.
Учаскелердегі белсенділік байқалды
Бақылаушы делегациясы бірнеше сайлау учаскесін аралап, комиссиялардың ұйымдасқан жұмысын және азаматтардың белсенді қатысуын көрген.
«Сайлау комиссияларындағы жас мүшелер мен қоғамдық бақылаушылар бізді қуантады. Олардың белсенділігі жағымды әсер қалдырды», – деді ол.
Өзбекстан өкілінің айтуынша, күннің алғашқы жартысында-ақ сайлаушылардың жоғары белсенділігі байқалған.
«Бізді қуантатыны – сағат 12-ге дейін бірнеше учаскені аралап үлгердік, сол уақытқа дейін сайлаушылардың 40 пайыздан астамы келіп, өз дауысын беріп үлгерген», – деді ол.
Үйде дауыс беру мүмкіндігі де қарастырылған
Халықаралық бақылаушылар учаскелерді аралау барысында дауыс беру рәсімдерінің толық сақталуына ерекше назар аударған. Делегация комиссия мүшелерінен сайлаушылар саны, халықты хабардар ету тәртібі және түрлі санаттағы азаматтар үшін жасалған жағдайлар туралы сұраған.
«Біз үшін қанша сайлаушы бар екені, оларды қалай хабардар еткені, мүгедектігі бар азаматтар мен сырқаттанып, үйінен шыға алмайтын адамдар үшін қандай жағдай жасалғаны маңызды», – деп түсіндірді Зайниддин Низамходжаев.
Оның айтуынша, учаскелерде үйде дауыс беру рәсімі де заң талаптарына сай ұйымдастырылған.
«Мысалы, бір учаскеде үш адам үйден дауыс беріп үлгерген – олар алдын ала өтініш тапсырған, бұл заңнамада қарастырылған. Ал кейбір учаскеде жеті адам. Тағы бір учаскеде 12 азамат үйде дауыс беру үшін өтініш бергенін өз көзімізбен көрдік», – деді Зайниддин Низамходжаев.
«Заңбұзушылық байқалған жоқ»
Өзбекстан делегациясының бағалауынша, бақылау барысында дауыс беру процесінде заңбұзушылық тіркелмеген.
«Біздің байқауымызша, ешқандай заңбұзушылық болған жоқ», – деді ол.
Сонымен қатар бақылаушы комиссия мүшелерінің ашық жұмыс істеп жатқанын да атап өтті.
«Айта кету керек, комиссия төрағасы, хатшылар және барлық комиссия мүшелері біз қойған сұрақтардың бәріне толық жауап берді», – деді бақылаушы.
Сөз соңында ол Қазақстан азаматтарына тілегін білдірді.
«Ақылды, парасатты қазақ халқына өз таңдауын жасауын тілеймін», – деді Зайниддин Низамходжаев.