ТМҰ бақылаушылары: Қазақстандағы референдум ашық әрі заңға сай өтті

902
Фотосурет: ortcom.kz

Қазақстанда өткен республикалық референдумның барысын халықаралық бақылаушылар да назарда ұстады. Түркі мемлекеттері ұйымының миссиясы дауыс беру процесін бақылап, оның ашық әрі заң талаптарына сай өткенін мәлімдеді, деп хабарлайды DKNews.kz.

.

Бақылау үш топ арқылы жүргізілді

Референдум күні Түркі мемлекеттері ұйымының миссиясы үш топқа бөлініп, Астана қаласындағы 31 дауыс беру учаскесінде мониторинг жүргізді. Бұл туралы Халықаралық байқаушыларға қолғабыс көрсету орталығында өткен баспасөз конференциясында ұйым Бас хатшысының орынбасары Омер Коджаман айтты.

Әкімшілік араласу байқалмаған

Бақылаушылардың айтуынша, дауыс беру учаскелерінің жұмысына әкімшілік немесе құқық қорғау органдарының араласуы тіркелмеген. Азаматтар референдумға өз еркімен келіп, дауыс берген.

«Миссия ешқандай маңызды заң бұзушылықтар мен сәйкессіздіктерді байқамады. Дауыс беру учаскелерінде халықаралық және жергілікті байқаушыларға барлық жағдай жасалған, бәрі қолжетімді болды. Олар жұмыстарын еш қиындықсыз атқарды. Қажетті ақпарат пен техникалық құрал-жабдықтар жеткілікті болды. Сондай-ақ миссия дауыс беру учаскелерінде ешқандай рұқсат етілмеген, заңсыз материалдарды байқамады. Мүгедектігі бар адамдар да өздерінің конституциялық құқықтарын жүзеге асыра алды. Миссия ақпараттың дұрыс таралуы референдумның сәтті өтуіне ықпал етті деген қорытындыға келді. Түркі мемлекеттері ұйымының миссиясы Қазақстан Республикасында референдумның ашық әрі транспарентті түрде өткеніне көз жеткізді. Барлығы халықаралық стандарттарға және елдің ұлттық заңнамасына сәйкес өткенін мәлімдейміз», – деді Омер Коджаман.

Халықаралық стандарттарға сай өтті

Миссияның қорытындысы бойынша, референдум халықаралық стандарттар мен Қазақстанның ұлттық заңнамасына сәйкес ұйымдастырылған. Бақылаушылар дауыс беру процесінде ашықтық пен қолжетімділік қамтамасыз етілгенін атап өтті.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -