Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханада Шекара қызметіне аттанатын алғашқы шақырылушылар тобын шығарып салу салтанаты өтті. Іс-шараға 6506 әскери бөлімінің әскери оркестрі сүйемелдеуімен 41 шақырылушы қатысты. Олар Шығыс Қазақстан мен Жетісу облыстарында орналасқан Шекара қызметінің бөлімшелерінде қызмет өтейтін болады, деп хабарлайды DKNews.kz.

Шақырылушыларды шығарып салу рәсімі
Шараға облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары, подполковник Қуанышбек Құлымбетов, ҚР ҰҚК Шекара қызметі Түркістан облысы бойынша департаменті басқармасының бастығы полковник Ерхат Рафиков, Қарулы күштердің ардагерлері, сондай-ақ «Аналар жүрегі» сарбаз аналары комитетінің өкілі Шарифа Муминова мен «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері қатысты.

Подполковник Қ. Құлымбетов шара барысында көктемгі шақыру науқанының мән-жайын түсіндіріп, өңірден 18 мен 27 жас аралығындағы шамамен 3000 жас әскер қатарына шақырылатынын атап өтті. Оның ішінде 200-ден астам жас Шекара қызметіне жіберілмек.
«Бір жыл өте шығады, алайда бұл уақыт ішінде жастар үшін үлкен мүмкіндіктер ашылады. Бірі тегін жоғары білім алса, енді бірі келісімшарт негізінде әскери қызметін жалғастыра алады», – деді Қ. Құлымбетов.
Ерлік пен жауапкершілік
ҚР ҰҚК Шекара қызметі Түркістан облысы бойынша департаменті басқармасының бастығы полковник Ерхат Рафиков шақырылушыларды құттықтап, еліміздің мемлекеттік шекарасын қорғау үлкен жауапкершілік екенін атап өтті. Ол батырларымыздың ерлік жолын еске алып, жас сарбаздардың өздеріне сеніп тапсырылған міндеттерді абыроймен атқаратынына сенім білдірді.

Шақыру науқанының кезеңдері
Шақыру науқанының алғашқы айында ҚР ҰҚК Шекара қызметі мен Мемлекеттік күзет қызметінің бөлімшелері жасақталады. Келесі кезеңде Қарулы күштер, Төтенше жағдайлар министрлігі және Ұлттық ұланның әскери бөлімдеріне қабылдау жүргізіледі. Бұл кезеңдерде жастарға жаңа мүмкіндіктер мен әскери дағдыларға ие болуға жол ашылады.

