Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Премьер-министр Олжас Бектеновтың төрағалығымен өткен кеңес барысында Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында МӘМС жүйесін жаңғырту және оның тиімділігін арттыру үшін бірқатар шаралар талқыланды, деп хабарлайды DKNews.kz.


Адамға бағдарланған саясат: жүйенің басты қағидаты
Кеңесті ашқан Премьер-министр Жалпыхалықтық референдумда қабылданған жаңа Конституцияда мемлекеттің басты қағидаты ретінде адамға бағдарланған саясаттың бекітілгенін атап өтті. Бұл барлық қабылданатын шешімдер азаматтардың нақты қажеттіліктеріне, олардың өмір сапасын арттыруға бағытталуы керек дегенді білдіреді.

Мемлекет басшысы айқындаған міндеттердің бірі – әлеуметтік саланы, оның ішінде денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту. Бұл шаралар МӘМС жүйесінің ашықтығын қамтамасыз етіп, халыққа көрсетілетін қызмет сапасын арттыруды көздейді.
Қаржылық бақылау мен Қорды трансформациялау
Премьер-министр Олжас Бектенов МӘМС жүйесінде бірқатар өзгерістер енгізілгенін мәлімдеді. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтай отырысында ұлт денсаулығына бөлінетін қаражаттың жымқырылуын басты мәселе ретінде атап өткен болатын. Осыған байланысты шешім қабылданып, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Қаржы министрлігінің қарамағына берілді.

«Бюджеттен бөлінетін әр теңге арнайы медициналық қызмет, дәрілік заттар немесе медициналық құрылғы түрінде нақты азаматқа жетуі тиіс», – деді Бектенов.
Қордың трансформациясы нәтижесінде тиімсіз шығындарды қысқарту, әсіресе дәрілік заттарды сатып алу саласында, бюджеттік жоспарлауды дәлірек жүргізу және демографиялық өзгерістерді ескеру арқылы дәрі-дәрмек жеткізудегі іркілістерді шешу көзделуде.

Қаржы министрлігі мен жүйені оңтайландыру
Қаржы министрі Мәди Такиев қабылданып жатқан шаралар туралы баяндап, МӘМС жүйесінде жыл сайын шамамен 3,4 трлн теңге қайта бөлінетінін айтты. Оның айтуынша, Қаржы министрлігі қаражатты басқаруды оңтайландыруға, ерікті медициналық сақтандыру көлемін «көлеңкеден» шығаруға, сондай-ақ халыққа үздіксіз медициналық көмек көрсетуге бағытталған жаңа заңға түзетулер әзірледі.
Qalqan платформасы: медициналық жүйені цифрландыру
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ басқарма төрағасы Гүлмира Сабденбек МӘМС жүйесіне жүргізілген талдау нәтижелері туралы баяндады. Біртұтас басқару үдерісінің болмауы және жұмыстың науқас пен денсаулық сақтау жүйесінің түпкілікті нәтижелеріне емес, қызметтер көлеміне бағдарлануы негізгі мәселелердің бірі болды. Бұл проблемаларды шешу үшін кешенді шаралар қабылданды, оның ішінде қаржы ағындарын бақылау күшейтілді, медициналық көмек көлемін лимиттеу, төлеу және аванстау тәсілдері қайта қаралды.
Бұл реформалардың негізгі бөлігі ретінде Qalqan жаңа цифрлық платформасы енгізілуде. Жаңа платформа қаржыландыру процестерін толық цифрландыруды, медициналық ақпарат жүйелерімен интеграциялауды, басқару шешімдерін талдамалық сүйемелдеуді және пациенттер мен клиникаларды қолдауды қамтамасыз етеді.
Реформа бағыттары мен экономикалық әсері
МӘМС жүйесінің жаңа архитектурасы қаржылық міндеттемелердің жүзеге асуын ұзақмерзімді болжауға бағытталған актуарлық басқаруды, тәуекелге бағдарланған модельді енгізуді көздейді. Бұл тәсілдер денсаулық сақтау жүйесінде теңгерімсіздіктерді алдын ала анықтап, қаржыландыру параметрлерін түзетуге мүмкіндік береді.
Қор сарапшыларының есептеулері бойынша, енгізілетін инновациялар Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыруға 200 млрд теңгеден астам экономикалық әсер тигізуі мүмкін.
Жаңа реформалардың ықпалы
Кеңес қорытындысы бойынша, Премьер-министр Олжас Бектенов реформаны жүзеге асырудың жаңа тәсілдерін мақұлдады. Әділет, Ұлттық экономика және Денсаулық сақтау министрліктеріне Қор қызметін жетілдіру бойынша түзетулер енгізу тапсырылды. Ал Қаржы министрлігі мен Денсаулық сақтау, Әділет, Ұлттық экономика министрліктерімен бірлесіп, мемлекеттің жыл сайынғы жарнасы мөлшерін қысқартуға және ТМККК мен МӘМС-ті қаржыландыру үшін қордың жинақталған активтерін пайдалануға қатысты нақты ұсыныстар әзірлеуі тиіс.