Батыс Қазақстан облысының көпбейінді ауруханасының дәрігері Таубай Байжекенов Астанадан Оралға ұшып бара жатқан ұшақ бортында толғағы басталған жүкті әйелге шұғыл медициналық көмек көрсетті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Ұшу кезінде ерекше жағдай
«Кеше Астана–Орал рейсінде ерекше жағдайға тап болдым. Ұшу кезінде жүктіліктің 27-аптасындағы әйелде мерзімінен бұрын босану басталды. Суы кетіп, жедел түрде медициналық алғашқы көмек көрсетуге тура келді. Мұндай сәттерде дәрігер үшін сабыр сақтап, бар білім мен тәжірибені дұрыс қолдану аса маңызды», – деп жазды дәрігер өз парақшасында.
Нәтижесінде ұл бала дүниеге келді, бәрі сәтті аяқталды. Дәрігер мұндай сәттердің мамандықтың қаншалықты жауапты және маңызды екенін тағы бір мәрте еске салатынын атап өтті.
Әуе кемесінің және жедел жәрдем қызметінің әрекеті
Әуе кемесінің экипажы Астана әуежайына кері қайту туралы шешім қабылдады, жүкті әйелді жедел жәрдем қызметіне тапсырды.
Денсаулық сақтау министрлігінің реакциясы
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Батыс Қазақстан облыстық көпбейінді ауруханасының қабылдау бөлімінің хирургі Таубай Байжекеновке жоғары біліктілігі, қайсарлығы және дәрігерлік борышына адалдығы үшін шынайы алғыс білдірді.