Таңғы уақыт. Қала әлі толық оянып үлгермеген шақ. Алайда 5573 әскери бөлімінің сарбаздары үшін бұл күн әдеттегіден де жауапты басталды. Сағат 06:00-де ұландықтар алғашқылардың бірі болып дауыс беру учаскесіне келіп, ел өміріндегі маңызды саяси науқанда өз таңдауын жасады. Осылайша олар азаматтық борыштарын орындап, көп ұзамай қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін қызмет орындарына аттанды.
Референдум күні қала көшелерінде ұландықтардың патрульдік жасақтары жиі көзге түсті. Жалпы алғанда, 5573 әскери бөлімінен 1500-ге жуық әскери қызметші қоғамдық қауіпсіздікті сақтау мақсатында қызметке жұмылдырылды. Әскери жасақтар сайлау учаскелерінің маңында, халық көп шоғырланатын орындарда және маңызды нысандардың жанында патрульдік қызмет атқарды.
Қала тұрғындары референдумға қатысу үшін учаскелерге ағылып жатқан сәтте, ұландықтар қоғамдық тәртіптің сақталуын қадағалап тұрды. Сонымен қатар жол қозғалысын реттеу, азаматтарға бағыт-бағдар көрсету, қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстары да назардан тыс қалған жоқ. Әскери қызметшілердің үйлесімді әрекеті мен жауапкершілігінің арқасында қаладағы тыныштық пен тәртіп толық сақталды.
Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысқан әскери қызметшілердің бірі, қатардағы Сапар Нұргелді. Сарбаз бұл күннің маңыздылығын ерекше атап өтті.
— Референдум сияқты маңызды саяси шара кезінде халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – біз үшін үлкен жауапкершілік. Таңертең алғашқылардың бірі болып дауыс беріп, кейін бірден қызметке шықтық. Ел тыныштығын күзету – біздің басты міндетіміз, – дейді ол.
Осылайша, референдум күні 5573 әскери бөлімінің ұландықтары бір жағынан азаматтық борыштарын орындап, екінші жағынан ел тыныштығы мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында табанды қызмет атқарды.
Лейтенант Әйгерім Балтабаева