Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті Қазақстан Республикасының Салық кодексінің 566-бабына сәйкес, 2025 жылы көлік құралдарына салынатын салықты әрбір салық төлеуші өз бетінше есептеуге міндетті екенін хабарлайды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Салықты есептеу тәсілдері:
Көлік салығын есептеу үшін келесі екі тәсіл қолдануға болады:
- Мемлекеттік кірістер комитетінің kgd.gov.kz порталындағы «Көлік салығын есептеу» электрондық сервисі арқылы.
- «e-Salyq Azamat» мобильді қосымшасындағы «Калькуляторлар» бөлімінде.
Салықты есептеу үшін қажетті мәліметтер:
Салықты есептеу үшін келесі мәліметтерді көрсету қажет:
- Салық есептелетін жыл: 2025 жыл.
- Көлік құралының нақты иеленген айлар саны.
- Көлік құралының түрі.
- Қозғалтқыш көлемі.
Салық мөлшерлемесі айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) мөлшеріне және көлік құралының қозғалтқышының көлеміне байланысты белгіленеді. Әр жылы АЕК мөлшері өзгереді. Мысалы, 2025 жылы 1 АЕК мөлшері 3 932 теңге болады.
Көлік салығын төлеу:
Көлік құралдарына салынатын салық жеке тұлғаның тұрғылықты жері бойынша төленеді.
Салық төлеу үшін банктер немесе банкоматтар арқылы келесі деректемелерді көрсету қажет:
- Бюджеттік сыныптама коды (БСК): 104402.
- Төлем мақсатының коды (ТМК): 911.
- Өсімпұл үшін ТМК: 912.
Көлік құралының VIN-коды:
Салықты төлеу үшін көлік құралының VIN-коды керек. VIN-код – көлік құралының 17 таңбадан тұратын бірегей нөмірі, ол көлік құралының техникалық паспортында көрсетіледі:
- Жеңіл автомобильдер үшін – кузов нөмірі.
- Жүк автомобильдері үшін – шасси нөмірі.
Көлік құралы болмаған жағдайда (ұрлану немесе басқа да себептер бойынша):
Егер көлік құралы жоқ болса, мысалы, ол ұрланған немесе басқа да себептермен пайдаланылмайтын болса, көлік иесі тұрғылықты жері бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасына осы фактіні растайтын құжаттарды ұсынуы қажет.
Салықты төлеу мерзімі:
Жеке тұлғалар 2025 жылға арналған көлік салығын 2026 жылдың 1 сәуірінен кешіктірмей төлеуі тиіс.
Мемлекеттік кірістер департаменті салық төлеу әрбір азаматтың конституциялық міндеті екенін еске салып, салық міндеттемелерін уақытылы орындауға шақырады.