Астанада Aleumet порталына қатысты өзекті мәселелер талқыланды

1716
Фотосурет: Gov

Астанада ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев төрағалық еткен Координациялық кеңес отырысы өтті. Кездесу барысында «Aleumet» әлеуметтік қызметтер порталының жұмысы жан-жақты қаралды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Жиынға салалық комитеттердің өкілдері, IT-жүйелерді әзірлеушілер және мүгедектігі бар азаматтардың қоғамдық бірлестіктерінің басшылары қатысты. Талқылаудың негізгі өзегі – жосықсыз жеткізушілермен күрес және порталдағы тауарлар мен қызметтердің сапасын арттыру болды.

Порталға түсетін жүктеме артып келеді

Кеңес барысында платформаның әлеуметтік маңызы жоғары екені атап өтілді. 2025 жылы портал арқылы:

  • 570 мыңнан астам оңалту шарасы жүзеге асырылған
  • 400 мыңнан астам тапсырыс орындалған
  • 1017 жеткізуші тіркелген

Сонымен қатар жүргізілген талдау бірқатар жүйелі мәселелерді анықтады.

Қандай заңбұзушылықтар анықталды

Мамандар бірнеше негізгі проблеманы атап өтті:

  • өңірлік комиссиялардың тексерістерді формалды түрде жүргізуі
  • бағаны жасанды түрде көтеру жағдайлары
  • тауарды тек қағаз жүзінде беру схемалары

Бұл жағдайлар портал пайдаланушыларының құқықтарын қорғау мәселесін өзекті етіп отыр.

Қандай өзгерістер ұсынылды

Ведомство платформаның ашықтығын арттыру үшін бірқатар шараларды қолға алуды жоспарлап отыр:

  • Ұлттық тауарлар каталогымен интеграция енгізу
  • қызметті алу фактісін міндетті цифрлық растау
  • жеткізушілердің жаңартылған реестрін қалыптастыру

Министр бұл бағыттағы жұмысты жеделдетуді тапсырды.

«Біз проблемалардың бар екенін түсінеміз және оларды шешу жолдары егжей-тегжейлі пысықтауды қажет етеді. Мен сәуір айының бірінші онкүндігіне дейін өңірлік комиссиялардың жұмысын күшейту, тауарды алу фактісін электрондық цифрлық қолтаңба арқылы қатаң растау механизмдері, сондай-ақ отандық өндірушілерді қолдау есебінен жеткізушілердің жаңа реестрін қалыптастыру бойынша үш нақты ұсыныс пакетін дайындауды тапсырамын», – деді Асқарбек Ертаев.

Қолжетімділік пен ақпараттандыру мәселесі көтерілді

Отырыс барысында қатысушылар порталдың мүмкіндігін кеңейтуге қатысты қосымша ұсыныстар да айтты:

  • көру қабілеті нашар адамдар үшін қолжетімділікті арттыру
  • Aleumet мобильді қосымшасы туралы ақпараттандыруды күшейту

Бұл бастамалар сервисті барынша ыңғайлы әрі қолжетімді етуге бағытталған.

Келесі қадам қандай

Ұсынылған өзгерістер:

  • таңдау тетіктерінің ашықтығын арттыруға
  • жеткізушілермен жұмысты жетілдіруге
  • бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын қамтамасыз етуге

бағытталады.

Министр барлық ұсыныстарды жинақтап, келесі отырыста жан-жақты қарауды тапсырды. Келесі кездесу сәуір айының басында өтеді деп жоспарланып отыр.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -