Астананың бір саябағында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында вейп пен темекі өнімдерін спорттық жабдықтарға ауыстыру акциясы ұйымдастырылды. Бұл шара елорда тұрғындары арасында салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған, деп хабарлайды DKNews.kz.

Ардагер спортшы жастармен кездесті
Іс-шараға елімізге танымал гір спортының шебері – 26 дүркін әлем чемпионы, 18 дүркін Қазақстан чемпионы, ҚР Құрметті спорт қызметкері Серік Абдахин қатысты. 62 жасында да белсенді спортпен айналысатын майталман жастарға электронды темекі, насыбай және вейптің зияны туралы кеңінен түсіндірді.

Серік Абдахин атап өтті:
«Бүгін қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының бастамасымен ұйымдастырылған ерекше акцияға қатысып отырмын. Орталық саябақта жастармен кездесіп, вейп немесе электронды темекі тұтынатын азаматтарға өз құрылғыларын спорттық құрал-жабдықтарға ауыстыруды ұсынып, оның маңызын түсіндірдік. Қазіргі таңда жастар арасында насыбай мен вейп кеңінен таралып барады. Бұл – денсаулыққа зиянды әдет. Сондықтан жаман әдеттен арылып, салауатты өмір салтын таңдауға шақырамын. Спортпен айналысу – денсаулықтың кепілі».
Нәтижелер
Акция барысында көптеген тұрғындар ұсынысты қуана қабылдап, зиянды әдеттен бас тартып, оның орнына спорттық жабдықтарды таңдады. Шара елордадағы вейпке тәуелділік деңгейін төмендетуге, жастарды салауатты өмір салтына тартуға бағытталған.

