Digital Qazaqstan 2026 форумы аясында өткен Shymkent Heroes панельдік сессиясы еліміздің цифрлық даму мен жасанды интеллект саласындағы жаңа бағыттарды талқылауға арналды. Бұл сессияда кәсіпкерлер мен IT саласының мамандары Шымкенттің Қазақстандағы технологиялық экожүйенің жаңа өсу нүктесіне айналып келе жатқанын және жасанды интеллекттің бизнеске тигізетін әсерін сараптады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Шымкенттің технологиялық дамуы
Google компаниясының senior-әзірлеушісі Аман Өтемұратов өз сөзінде IT саласының тек технологиямен шектелмейтінін, оның басты мақсаты – адамдардың өмірін жеңілдетіп, күрделі мәселелерді шешетін тиімді шешімдер жасау екенін атап өтті. Сонымен қатар, ол Шымкенттің соңғы жылдары технологиялық тұрғыдан айтарлықтай ілгері басқанын және Shymkent Hub өңірлік хабының ашылуы осы саладағы маңызды қадам болғанын айтты.

«IT тұрғысынан алғанда, Шымкент соңғы жылдары едәуір алға жылжыды: жаңа бастамалар пайда болуда, инфрақұрылым дамып келеді. Бұл қаланың IT-экожүйесінің әрі қарай дамуына берік негіз қалыптастырады», – деді Аман Өтемұратов.
Технологиялардың бизнестегі рөлі
Global Coffee компаниясының тең құрылтайшысы Аят Әзімов дәстүрлі бизнестің технология арқылы қалай өзгеріп жатқанын атап өтті. Ол компанияның тек кофеханалар желісін дамытып қана қоймай, IT шешімдерге инвестиция салып, жасанды интеллект элементтері бар өз автоматтандыру жүйесін енгізіп жатқанын айтты. Бұл жүйелер бизнеске көрсеткіштерді нақты уақытта талдап, басқару шешімдерін жедел қабылдауға мүмкіндік береді.
Жасанды интеллекттің болашағы
UMAY Labs басқарма төрағасы Сұлтан Ілиясов жасанды интеллекттің болашақта нарықтағы негізгі өзгерістердің басты қозғаушы күшіне айналатынына сенімді. Оның айтуынша, болашақта тауар іздеуден бастап өнім әзірлеуге дейінгі көптеген үдерістер автоматтандырылып, пайдаланушылар сервистермен бірыңғай цифрлық платформалар мен AI-көмекшілер арқылы әрекеттесетін болады.

Шымкенттің технологиялық әлеуеті
Сессия қорытындысы бойынша қатысушылар Шымкенттің технологиялық экожүйені дамытуға әлеуеті жоғары екенін атап өтті. Өңірлік инфрақұрылымның нығаюы мен мамандар санының артуы елдегі IT саласының дамуына оң әсер етеді. Осылайша, Шымкент болашақта Қазақстанның цифрлық хабына айналуға мүмкіндік алатын өңірлердің бірі болып отыр.

Сессияның модераторы – STEPPE бас директоры Зауре Розмат форумды жоғары деңгейде өткізуге және қатысушыларға жаңа технологиялар мен шешімдер туралы тереңірек түсінік алуға мүмкіндік бергені үшін алғыс білдірді.
