Digital Qazaqstan 2026 форумы аясында өткен Digital Nomads панельдік сессиясында Орталық Азиядағы IT мамандарының халықаралық мансап мүмкіндіктері мен жасанды интеллекттің еңбек нарығына әсері талқыланды. Пікірталасқа Google, Meta, Booking.com сияқты әлемдік жетекші компанияларда жұмыс істейтін қазақстандық әзірлеушілер қатысты, деп хабарлайды DKNews.kz.
Жасанды интеллекттің еңбек нарығына әсері
AGI Lab негізін қалаушы Жомарт Садыков жасанды интеллекттің мамандарды алмастырмайтынын, керісінше олардың жұмысын тиімдірек етуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Оның айтуынша, жаңа технологиялар жұмысты жылдамдату және құралдардың әлеуетін күшейту мақсатында пайдаланылуы керек.
«Жасанды интеллект – мамандарды алмастыратын емес, олардың әлеуетін күшейтетін құрал. Қазақстан үшін басты артықшылық – таланттар. Біз ірі елдермен инфрақұрылым бойынша емес, жаңа идеялар мен инновациялық бағыттар арқылы бәсекеге түсе аламыз», – деп атап өтті Жомарт Садыков.
Бәсекелік артықшылықтар мен жаңа талаптар
Meta әзірлеушісі Бахытжан Байжикенов қазақстандық мамандардың ішкі түйсікке сүйене отырып шешім қабылдай білуін үлкен артықшылық деп санады. Оның пікірінше, еркін ойлау, өз көзқарасын қорғау және жаңашылдықтан қорықпау қарқынды өзгеріп жатқан технологиялық ортада маңызды рөл атқарады.
Google senior әзірлеушісі Аман Өтемуратов жасанды интеллектінің жұмыс үдерістеріне әсерін сөз етті. Оның айтуынша, қазіргі таңда құзыреттілік талаптары күшейген және әзірлеу үдерістері жылдамдаған. Кейбір компаниялар жаңа кадр іріктеу тәсілдерін қолдана отырып, тәжірибелі инженерлерге басымдық береді және кәсіби өсу мен көшбасшылық қабілеттерді дамыту үшін жағдай жасайды.
Технологиялардың дамуымен жаңа мамандықтар пайда болады
Booking әзірлеушісі Нарикби Максут автоматтандырудың алаңдаушылық туғызғанына қарамастан, салада мамандардың санының азаймайтынын айтты. Оның пікірінше, жаңа технологиялардың дамуы жаңа қызметтер мен бағыттарды туындатып отыр. Код көлемінің артуы және жасанды интеллект қолдану тестілеу мен сапаны бақылау сияқты үдерістерде артық жүктемені көбейтеді, бұл жаңа мамандарға сұраныстың артуына себеп болуда.
Жаһандық нарыққа шығу мүмкіндіктері
Пікірталас қорытындысында спикерлер жасанды интеллекттің дамуы IT саласындағы дәстүрлі мансап жолдарын өзгертіп жатқанын және мамандардың кәсіби өсуін жеделдететінін атап өтті. Бұл өзгерістер дағдыларға қойылатын талаптарды жаңартып, жаңа мамандықтардың пайда болуына себеп болып отыр. Орталық Азия мамандары үшін бұл жағдай жаһандық нарыққа шығу және халықаралық командаларда жұмыс істеу мүмкіндіктерін кеңейтуде.
Сессия Higgsfield AI компаниясының Talent жөніндегі вице-президенті Далида Еркулиева модераторлығында өтті.