2026 жылдың 28 наурызында Шымкент қаласында Digital Qazaqstan 2026 халықаралық цифрлық форумы өтті. Форум барысында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің «AI-Sana: Болашақ экономикасы үшін адами капиталды қалыптастыру» тақырыбында панельдік сессиясы мен жоғары оқу орындарының стартап-жобалары көрмесі ұйымдастырылды. Форум Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше елдер мен бақылаушы мемлекеттердің үкімет басшыларын біріктірді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Форум аясында ұйымдастырылған іс-шаралар
Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысы аясында форумға қатысушылар цифрлық жобалар көрмесін тамашалады. Олар мемлекеттік басқару, өнеркәсіп және қалалық инфрақұрылым салаларында қолданылатын жасанды интеллект әзірлемелерімен танысты. Қазақстанның цифрлық инфрақұрылымын дамыту мәселесіне ерекше назар аударылды. Премьер-министр Олжас Бектенов өз сөзінде Қазақстанда әлемдік TOP-500 рейтингіне енген Alem.Cloud және AL Farabium суперкомпьютерлік кластерлері іске қосылғанын атап өтті.
«AI-Sana» бағдарламасы және адами капиталды дамыту
Премьер-министр Мемлекет басшысы адами капиталды дамытуға ерекше көңіл бөлетінін айтып, AI-Sana бағдарламасы аясында бір миллионға жуық азамат жасанды интеллект дағдылары бойынша оқытылғанын мәлімдеді. Сонымен қатар, мектептердегі TUMO орталықтарынан бастап технологиялық кәсіпкерлерді даярлау бағдарламаларына дейінгі толыққанды білім беру экожүйесі қалыптасып келе жатқандығы ерекше атап өтілді. Халықаралық серіктестермен, соның ішінде Google for Startupsпен бірлесіп акселерациялық бағдарламалар жүзеге асырылуда.
Инфрақұрылымдық бастамалар және жасанды интеллект саласындағы жаңа жобалар
ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мун форум барысында 35 мемлекеттік қызметті қамтитын AlemGPT мультиагенттік платформасы мен Ұлттық жасанды интеллект платформасы жобаларын таныстырды. Министрлік сессиясында жасанды интеллект экономикасы үшін кадр даярлау мәселелері, жоғары оқу орындары мен технологиялық компаниялар арасындағы серіктестіктер, сондай-ақ студенттердің бизнес және мемлекеттік ұйымдармен жүзеге асырып жатқан жобалары талқыланды.
Жоғары оқу орындарының стартап-жобалары көрмесі
Форум аясында жоғары оқу орындарының стартап-жобалары мен жасанды интеллект технологияларын әртүрлі салаларда қолдануға бағытталған инновациялық әзірлемелер ұсынылды. Атап айтқанда, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің «Auezov AI First» (AI-жобаларды біріктіруге арналған платформа) және «Smart Horse Racing AI» (жарыс барысындағы жылқы қозғалысын талдау жүйесі); Қ.А.Ясауи атындағы университеттің «AI-JAN» (цифрлық қауіптерден қорғау платформасы); әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «AI Startify Incubator» (стартаптарды қолдаудың ұлттық платформасы) жобалары таныстырылды.
Сонымен қатар, Қазақстан-Британ техникалық университетінің «KMG.AIAN» (мұнай-газ саласына арналған аналитикалық жүйе), Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «PhishGuard» (фишингтен қорғау платформасы), Қарағанды медицина университетінің «AI-MedVoice» (медициналық құжаттаманы автоматтандыруға арналған ассистент), Энергетика университетінің «Ushqyn AI Operator» (өтініштерді автоматты өңдеу жүйесі), сондай-ақ AI Coventry University Kazakhstan жобалары ұсынылды.
Жаңа технологияларды енгізу және өңірлік дамуды жеделдету
Форум барысында жасанды интеллект саласындағы жаңа технологияларды енгізу және өңірлік дамуды жеделдету мәселелері кеңінен талқыланды. Панельдік сессия спикерлерінің қатарында ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова, сондай-ақ жетекші шетелдік университеттердің филиалдарын дамыту, жасанды интеллект экожүйесін қалыптастыру және өңірлерді академиялық білім беру орталықтарына айналдыру мәселелері қозғалды.
Мемлекеттік және жеке сектордың серіктестігі
Форум аясында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен «Alageum Electric» компаниясы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл қадам екі тараптың бірлескен жобаларға қолдау көрсетуін және жасанды интеллект саласында инновациялық шешімдер енгізуін қамтамасыз етеді.
Digital Qazaqstan Awards
Форум барысында Digital Qazaqstan Awards сыйлығының жеңімпаздары марапатталды. Бұл сыйлық еліміздің цифрлық экономикасы мен инновациялық жобаларына қосқан елеулі үлесі үшін берілді.