Қазақстанда жылыту маусымы басталғалы бері Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары ауқымды профилактикалық жұмыстар жүргізді. Осы уақыт ішінде 1,7 миллионнан астам үй қамтылып, 4,3 миллионнан астам азаматқа өрт қауіпсіздігі бойынша нұсқаулық берілген, деп хабарлайды DKNews.kz.
Мамандар анықталған кемшіліктерді тұрғындарға түсіндіріп, оларды жою бойынша нақты ұсынымдар ұсынған. ТЖМ бөлімшелері мен әкімдіктердің қолдауымен 24 мыңнан астам үйдегі бұзушылықтар жойылды.

Әлеуметтік осал топтар ерекше бақылауда
Жылыту маусымында әлеуметтік осал топтардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударылды. Жалпы саны 104 мыңнан астам үй бақылауға алынған.
Бұл үйлер бойынша жүргізілген жұмыстар:
- жылыту маусымы басталар алдында тексеру
- өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігін бағалау
- тұрақты аула аралау кезінде қайта бақылау
Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдар мен еріктілердің қатысуымен қосымша қауіпсіздік шаралары қолға алынды:
- 50 мың улы газ датчигі орнатылды
- табиғи газды бақылау құрылғылары қойылды
- түтін датчиктерімен жабдықтау жүргізілді
Профилактика күшейтілді
Тұрғын үй секторында өрттің алдын алу мақсатында арнайы акциялар мен түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды. Құтқарушылар аулаларды аралап, тұрғындарға жеке нұсқаулықтар берген.

Ең жиі тіркелетін бұзушылықтар мыналарға байланысты:
- пеш жабдықтарын дұрыс пайдаланбау
- электр желілерін орнату талаптарын сақтамау
- электр құралдарын қауіпсіз қолданбау
Қауіпсіздік ережелері
Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтарды өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырады:
- пешпен жылыту жүйелері мен электр құралдарын тек жарамды күйде пайдалану
- пешті шамадан тыс қыздырмау және электр желісіне артық жүктеме түсірмеу
- мұржаны күйеден уақтылы тазалау
- пеш пен электр құралдарының ақаусыздығын үнемі тексеру
- пеш жағуды балаларға тапсырмау
- сіріңке мен тұтатқыштарды балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау
Мамандардың айтуынша, қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау адам өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді.