Қазақстан көлік саласын цифрландыруда

792
Фотосурет: Gov

Қазақстан көлік саласында цифрландыруды жеделдетіп, халықаралық логистика үшін бірыңғай кеңістік қалыптастыруға кірісті, деп хабарлайды DKNews.kz.

Санкт-Петербург қаласында өткен Халықаралық көлік-логистика форумында Қазақстан Республикасы Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров «Цифрлық платформалардың жаһандық интеграциясы: халықаралық логистика үшін бірыңғай кеңістікті қалай құруға болады» тақырыбында сөз сөйледі.

Вице-министр баяндамасында көлік инфрақұрылымын цифрландыру бойынша жүзеге асырылып жатқан жобаларды таныстырды:

  • Автожолдар үшін e-Joldar бірыңғай жүйесі әзірленуде.
  • Жасанды интеллект қолданылатын автоматтандырылған өлшеу станциялары орнатылуда, жолдарды диагностикалау және теміржол құрамын бақылау үшін аппараттық-бағдарламалық кешендер енгізілуде.
  • Автокөлікте рұқсат беру бланкілері Өзбекстан мен Қытаймен электрондық форматқа ауыстырылды, Әзербайжанмен техникалық жұмыстар аяқталды.
  • e-CMR халықаралық конвенциясына қосылу рәсімі аяқталу сатысында, көршілес елдермен тесттік жобалар іске қосылады.

Теміржол саласында DTC жүйесінің Tez Customs модулі транзиттік декларацияларды автоматтандырды, рәсімдеу уақыты 8 сағаттан 30 минутқа қысқарды. Бұл жүйе 2025 жылғы қазанда «РЖД» АҚ-мен бірлесіп Достық – Брест бағытында іске қосылды.

Азаматтық авиацияда e-Freight жүйесі арқылы электрондық құжат айналымы барлық әуежайларда және авиакомпаниялардың басым бөлігінде қолданылады.

Бизнес үшін Smart Cargo бірыңғай терезесі іске қосылды, ал жүктің барлық бағыты бойынша деректерді біріктіретін цифрлық тасымалдау паспорты (QR-код) енгізілді.

Сонымен қатар Ұлттық зияткерлік көлік жүйесі құрылады, ол көліктің жай-күйін нақты уақыт режимінде бақылауға, тәуекелдер мен инциденттерге жедел әрекет етуге, талдау және болжау арқылы басқарушылық шешім қабылдауға мүмкіндік береді.

Сөз соңында вице-министр халықаралық ынтымақтастықты кеңейтіп, цифрлық платформаларды интеграциялау арқылы логистика үшін бірыңғай кеңістік құруға шақырды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -