Түркістан облысы Арыс қаласының Монтайтас ауылында «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында жаңа ерікті өрт сөндіру пункті өз жұмысын бастады. Бұл бағдарлама Төтенше жағдайлар министрі генерал-лейтенант Шыңғыс Әріновтің бастамасымен ауылдық жерлердегі қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған және еліміздің барлық өңірінде жүзеге асырылуда, деп хабарлайды DKNews.kz.
Салтанатты ашылу рәсімі
Салтанатты рәсімге Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Бағдат Чайзада, Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев және жергілікті тұрғындар қатысты. Жаңа нысан жергілікті атқарушы органдардың қаражаты есебінен салынды.

Еріктілер тәулік бойы қызмет атқарып, олардың жұмысына барлық қажетті жағдай жасалған. Төтенше жағдайлар министрлігі пунктті:
- өрт-техникалық құрал-жабдықтармен;
- автоцистернамен;
- арнайы киім-кешекпен;
- байланыс құралдарымен қамтамасыз етті.
Пункттің қызметі
Жаңа ерікті өрт сөндіру пункті жалпы саны 7 мыңнан астам тұрғыны бар Монтайтас, Атамекен, Шағыр, Ақтас, Қабылсай, 42-разъезд, Бақырша және Тоғансай елді мекендерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.


Пункттің ашылуы оқиға орнына жету уақытын айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік береді, бұл ауылдық жерлерде төтенше жағдайларға жедел әрекет ету мүмкіндігін арттырады.
