2026 жылғы 2 сәуірде Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Академиясы жанындағы дене дайындығы және спорт кафедрасы «Пәнаралық байланыстар мен инновациялық технологияларды қолдану арқылы дене даярлығын дамыту» тақырыбында халықаралық ғылыми-теориялық конференция өткізді. Іс-шара Петропавл қаласындағы Qyzyljar Creative Center алаңында өтті.

Конференцияның басты мақсаты – дене даярлығы мен спорт саласында ғылым мен тәжірибені ұштастырып, тиімді инновациялық жүйелерді қалыптастыру. Жиын барысында пәнаралық ықпалдастықты дамыту, білім алушылардың физикалық мәдениетін жетілдірудің ғылыми негіздері, жоғары жүктеме жағдайында ағзаның функционалдық күйін цифрлық технологиялар арқылы бақылау, спорттық медицинадағы денсаулық сақтау технологиялары, жоғары оқу орындарындағы дене тәрбиесін дамыту және спорттық жекпе-жектердегі қорғаныс әрекеттерін жетілдіру мәселелері жан-жақты қарастырылды.

Халықаралық конференцияға Ұлттық ұланның Бас қолбасшылығы, өңірлік қолбасшылықтары мен әскери бөлімдерінің әскери қызметшілері, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық қорғаныс университеті, Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті, М. Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясы, Солтүстік Қазақстан жоғары кәсіби-педагогикалық колледжі, Қазақ спорт және туризм академиясы және Ресей Федерациясының Дене шынықтыру әскери институты (Санкт-Петербург қ.) өкілдері қатысты. Жалпы саны 140-қа жуық қатысушы қамтылды.

Конференция барысында барлығы 8 баяндама тыңдалды. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Академиясы атынан – 1, Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті – 3, М. Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясы – 1, Ресей Федерациясының Дене шынықтыру әскери институты – 1, Солтүстік Қазақстан жоғары кәсіби-педагогикалық колледжі – 1 және Қазақ спорт және туризм академиясы атынан 1 баяндама жасалды.

Ғылыми жиын тәжірибе алмасуға, жаңа ғылыми бағыттарды айқындауға және әскери білім беру жүйесінде дене даярлығын жетілдіруге тың серпін берді.
Лейтенант Талапкер М.Е.