Жадыра Аширова: «Ғылымдағы үздіксіз ізденіс нәтижеге жол ашады»

4246
Фотосурет: Жадыра Аширова жеке архивінен

Күні кеше Ақордада Мемлекет басшысы ғалымдарды марапаттау рәсімінде сөйлеген сөзінде ғылым өркендесе, бүкіл еліміз дамиды, ғалымның әрбір жаңалығы тұтас ұлттың мерейін асырады деп атап өтті.

Жиында Қасым-Жомарт Тоқаев жас ғалымдар ғылыммен алаңсыз айналысуы үшін қолайлы жағдай жасау қажеттігі турасында да айтты. 

Ел Президенті: «Қазақ ғылымының болашағы – көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр және мақсаты биік жастардың қолында. Талапты әрі талантты азаматтар келешекте ұлттың шамшырағына айналады. Олар Қаныш Сәтбаев сияқты алып тұлғалардың жолын жалғайды. Сондықтан жас зерттеушілерге қамқор болуымыз керек», – деді.

Расында да бүгінде ғылым саласындағы жастарға мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп келеді. Жыл сайын жас зерттеушілер әлемнің жетекші ғылыми орталықтарына барып, тәжірибе жинап, тағылым алып жүр. Осындай нақты шаралар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.

Атаулы дата қарсаңында еліміздегі жас ғалымдардың бірі, PhD докторы, қауымдастырылған профессор, «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жас ғалымы Жадыра Ашировамен сұхбаттастық.

Анықтама:

Жадыра Бердімұратқызы Аширова – қауымдастырылған профессор, PhD докторы, «Болашақ» бағдарламасының түлегі.

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің бакалавриатын (2011 ж.), магистратурасын (2014 ж.) және докторантурасын (2020 ж.) үздік бітірген.

АҚШ-тың Миссисипи алқабы мемлекеттік университетінде және Түркияның Ақдениз университетінде білімін жетілдіріп, кәсіби біліктілігін арттырған.

2024 жылы «Болашақ» бағдарламасының стипендиясына ие болып, «500 ғалым» жобасы аясында Италияның Марке политехникалық университетінде ғылыми тағылымдамадан өтті.

Кәсіби қызметін 2012 жылы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті Жаратылыстану факультетінде оқытушы болып бастаған. 2014-2022 жылдары ҚызПУ-да, Халықаралық бизнес университетінде оқытушы, аға оқытушы, 2022-2025 жылдары Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың доцент міндетін атқарушы, кафедра меңгерушісінің орынбасары қызметтерін атқарған. 2025 жылдан – Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Биология және геномика кафедрасының аға оқытушысы.

Жас ғалым қазақ және ағылшын тілдерінде білім алушыларға дәріс оқиды.

Жадыра Ашированың h-индексі – 5. Оның авторлығымен рейтингі жоғары отандық және шетелдік ғылыми журналдарда 30-ға жуық мақала, Scopus және Web of Science ғылыми дерекқоры базасына кіретін басылымдарда 16 мақала, оқу-әдістемелік нұсқаулықтар жарық көрген.

«Ғылымдағы үздіксіз ізденіс жоғары нәтижеге жеткізеді»

– Бүгінде ғылым саласына білікті кадрлар тартуға ерекше маңыз беріліп отыр. Әсіресе ғылымдағы жастардың үлесін арттыру басты назарға алынған. Жадыра Бердімұратқызы, Сіз қазақстандық ғылымның тартымдылығын арттыру және қолдау мақсатында қолға алынған игі бастаманың бірі – «500 ғалым» бағдарламасы аясында шетелдің жетекші жоғары оқу орнында біліктілігіңізді жетілдірдіңіз. Осы бағдарлама Сізге не берді? Қандай мүмкіндіктерге жол ашты?

– «500 ғалым» бағдарламасының ғылым саласында табанды ізденіс жасап жүрген жандарға беретін мүмкіндігі мол деп білемін. Бұл бағдарлама аясында қазақстандық ғалымдар әлемнің жетекші ғылыми және жоғары білім беру ұйымдарында тағылымдамадан өтуге мүмкіндік ала алады.

Мемлекет тарапынан жас ғалымдарға көрсетілген қолдауды пайдаланып, 2023 жылы аталған бағдарламаға қатысуға құжат тапсырдым. Барлық кезеңдерден сәтті өтіп, «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты атандым. Италияның Анкона қаласындағы Марке политехникалық университетінде «Биотехнология. Жасыл инновация. Биоинженерия» мамандығы бойынша (UNIVPM) ғылыми тағылымдамадан өтуге жолдама алдым.

Аталған университет Италиямен қатар, Еуропадағы инженерия, биология, ауыл шаруашылығы және медицина бағыттарындағы алдыңғы қатарлы білім ордасы. Анкона қаласы Адриат теңізінің жағасында орналасқан портты қала. 2400 жылдан астам тарихы бар қала Италия экономикасы үшін маңызды рөл атқарады.

Тағылымдама барысында профессор Бруно Мецзетти мен доктор Лука Мацзонидің жетекшілігімен Марке политехникалық университеті мен Азиенда аграрлық политехникалық университетінің ғылыми зертханалық базасында жұмыс істедім. Атап айтқанда, тамақ өнімдеріне еуропалық стандарт талаптары зерделеніп, түрлі ауыл шаруашылығы өнімдеріне зертханалық тәжірибе мен зерттеу сынақтары жүргізілді. Бұдан бөлек, тағылымдама аясында италиялық білікті ғалымдардың дәрістерін тыңдап, зерттеу нәтижесінде алынған деректерді талдадық.

– Сіз биотехнология, жасыл инновация, биоинженерия салалары бойынша ғылыми зерттеу жасап келесіз. Тағылымдама барысында аталған салалар бойынша қандай білімдер мен кәсіби дағдыларды меңгердіңіз?

UNIVPM университетінің зертханаларының қажетті құралдармен толыққанды жабдықталуы – нәтижелі жұмыс істеуімізге мүмкіндік берді. Мысалы, практикалық және лабораториялық жұмыстар барысында өсімдіктердің биотехнологиясының әдістерімен танысып, бактерияларды өсірудің жаңа тәсілдерін меңгердім. In vitro селекциясын жасап, жаңа dsRNA негізіндегі формулалар сынақтан өткізілді. Ал, ең негізгісі – «Құлпынай жемісінің тұрақтылығы, тағамдық сапасы, сақтаудың түрлі шарттары» тақырыбындағы зерттеу жобасы. Ғылыми жетекшілеріммен бірлесіп зерттеудің мақсаты мен міндеттерін айқындап алып, жоғары нәтижеге қол жеткіздік.

Тағылымдама барысында Battistini Vivai кәсіпорнының қызметімен жан-жақты танысуға мүмкіндік алдық. Battistini Vivai жоғары сападағы жеміс-жидек өсімдіктерін өндіреді. Кәсіпорын тұрақты даму мақсаттарына жету үшін ғылымды, инновацияны және кәсіби дайындықты үйлестірген. Кәсіпорынның басты ерекшелігі – адамдардың денсаулығын, агроэкологиялық трансформацияларды, биологиялық әртүрлілікті, ауылдық елдімекендерді тұрақты дамытуды және өсімдіктер мен жеміс ағаштарының климаттық өзгеріске төзімділігін басымдыққа қоюы. Battistini Vivai өнімдері сапасының жоғары болуымен халықаралық нарықта үлкен сұранысқа ие және бәсекеге қабілеттілігі жоғары. Бұл өз кезегінде азық-түлік қауіпсіздігіне де оң ықпал ететіні белгілі. Білімімді жетілдіру кезеңінде аталған кәсіпорынның жылыжайлары мен плантацияларында болып, жемістерді өсірудің жаңа әдістерін зерделедім.

Алдағы уақытта тағылымдама нәтижелері Қазақстанда да енгізілетін болады. Нақтырақ айтқанда, жас ғалымдардың ғылыми жобалары біз зерттеген тақырыпқа бағытталып, тиісті жұмыстар жүргізілмек. Сондай-ақ Scopus базасында ғылыми мақалалар жарияланбақ. Өз кезегімде ғылыми тағылымдама барысында қолдау көрсетіп, ғылыми жетекшілік жасаған профессор Бруно Мецзеттиге, доктор Лука Мацзониға, доктор Сильвия Саббадиниге, доктор Рохулла Кадериге және университеттің өзге де профессор-оқытушылар қауымдастығына шынайы алғысымды білдіремін.

«Жауапкершілік, әділдік, өзара құрмет – дамудың басты өзегі»

– Докторлық жұмысыңызда жоғары оқу орындары мамандарын сапалы даярлау, педагогтердің кәсіби беделін арттыру және олардың сапалық құрамын жақсарту зерделенген екен. Бұдан өзге қандай жаңашылдықтар бар?

– Дұрыс айтасыз. Қазір еліміздің саяси-экономикалық дамуының әр түрлі саласында қызмет атқаратын жастарға болашақтың иесі ретінде үлкен үміт артылып отыр. Бұл тұрғыда маман даярлау мәселесіне жаңаша көзқарас, жаңа талаптар керек. Мектеп қабырғасында білім алатын жастарға берілетін білімнің сапалығын, ғылыми мазмұнының тереңдігін, оқушылардың ізденушілігі мен зерттеушілік қабілеттерін қалыптастыратын бірден бір тұлға – педагог.

Өскелең ұрпақтың өмірге икемдігі мен ізденушілігі мектеп қабырғасында жүзеге асады. Бұл тұрғыда мамандардың кәсіби құзыреттілігін жетілдіріп, әдістемелік тұрғыдан жаңаша білім беруге шыңдап шығару жоғары оқу орындарының жауапкершілігін күшейтіп отыр.

Бүгінде адам баласының алдында тұрған үлкен жауапкершілікпен қарауды керек ететін мәселелердің бірі – қоршаған табиғи ортаны қорғау. Бұл адам бойында бірден пайда болатын сапа деп айта алмаймыз. Оған үйрену, әдеттену, жаттығу қажет. Экологиялық іс-әрекеттерді ұйымдастыра білу қабілеттері мұғалімнің күнделікті беретін білімі мен олардың бойында қалыптастыратын тәрбиесіне байланысты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы қоршаған ортаны қорғау туралы үнемі айтып келеді. Ғалымдармен кездесуінде: «Қоғамда тазалықты сақтау, қоршаған ортаны қорғау мәдениетін орнықтырудың мән-маңызы зор. Осы ретте «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасын айрықша атап өткен жөн. Бұл бастама қала мен ауылды абаттандыру жұмысымен шектелмейді. Оның түпкі мәні – қоғамдық сананы жаңғырту. Сол арқылы азаматтарымызды қастерлі Отанымыз – Қазақстанның тағдырына бей-жай қарамай, болашақтың іргесін бірге қалауға шақыру», деп атап өтті. Бұл – сөздің астары терең. Жауапкершілік, әділдік, өзара құрмет бар жерде ғана даму болады. Бұл турасында да ел Президенті пайымды ойларымен бөлісті.

Өз зерттеу жұмысымда болашақ педагогтарды дайындауға қойылатын бірнеше талаптарды жүзеге асыру көзделінді. Атап айтқанда, болашақ биолог мамандардың жергілікті материалдарды зерттеушілік дағдыларын қалыптастыру, болашақ маманның ізденушілік, зерттеушілік, білімді деңгейлеп беру сияқты кәсіби құзыреттілігін қалыптастыру қарастырылды. Сонымен қатар студенттерге биологиядан алған теориялық білімдерін жергілікті материалдармен байланыстырудың әдіс-тәсілін меңгерту, білім алушылардың биология пәніне деген қызығушылығын арттыру да талданып, таразыланды.

Зерттеу жұмысының нәтижесінде ғылыми мақалалар жарық көріп, оқу-әдістемелік нұсқаулық оқу үдерісіне енгізілді.

– Әңгімеңізге рақмет. Ісіңізге табыс тілейміз!

Жандар Асан

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -