Астанада Ө. Жолдасбеков атындағы 11 (12)-сынып оқушыларына арналған математика және механика бойынша зерттеу жобаларының халықаралық конкурсы аяқталды. Биылғы ғылыми додаға Қазақстанның барлық өңірлерінен, сондай-ақ шетелден келген жас зерттеушілер қатысты, деп хабарлайды DKNews.kz.

135 оқушы, 99 жоба
Дәстүрлі байқауға:
- 135 оқушы
- 99 ғылыми жоба
ұсынылды.
Қатысушылар қатарында Таиланд пен Түркиядан келген жас зерттеушілер де болды. Жалпы қорытынды бойынша 77 оқушы жүлдегер атанды.

Министр: ғылым – ел дамуының тірегі
Жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова қатысып, білім мен ғылымның маңызын атап өтті:
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім мен ғылымның дамуына ерекше мән береді. Президент өз бастамаларында ғылым мен білім саласын елдің ұзақ мерзімді өркендеуінің негізгі тірегі ретінде айқындап келеді. Еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі тарихи сәттердің бірі -жаңа Конституцияның қабылдануы. Бұл құжат-Қазақстанның жаңару жолындағы маңызды қадамы. Жаңа Конституцияда адам капиталын, білімді, ғылымды, инновацияны дамыту мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты деп танылған. Бұл мүмкіндік -жас ұрпаққа сапалы білім алып, ғылыммен айналысуға кең мүмкіндік беретін құқықтық негіз», – деді министр.

Халықаралық стандарттағы бағалау
Қатысушылардың жұмыстары халықаралық талаптарға сай ашық көрме форматында қорғалды. Жобаларды бағалауға еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының ғалымдары мен оқытушылары тартылды.
Бағалау келесі бағыттар бойынша жүргізілді:
- ғылыми тақырыптың өзектілігі
- әдістемелік дәлдік
- талдау сапасы
- нәтижелерді түсіндіру деңгейі
- практикалық маңызы мен жаңашылдығы
- жобаны ұсыну шеберлігі
Жобалар математика, қолданбалы математика, механика және экономикадағы математикалық әдістер бағыттарын қамтыды.
Жеңімпаздар мен гранттар
Байқау қорытындысы бойынша:
- І дәрежелі диплом және алтын медаль – 15 оқушы
- ІІ дәрежелі диплом және күміс медаль – 23 оқушы
- ІІІ дәрежелі диплом және қола медаль – 39 оқушы
- грамоталар – 20 қатысушы
Сонымен қатар жеңімпаздарға Қаныш Сәтбаев атындағы Техникалық зерттеу университетінің екі білім беру гранты табысталды.
Жас ғалымдарға жол ашатын алаң
Мамандардың айтуынша, мұндай халықаралық конкурстар:
- оқушылардың ғылыми әлеуетін дамытуға
- зерттеу дағдыларын қалыптастыруға
- халықаралық тәжірибе алмасуға
- болашақ ғалымдарды қолдауға
мүмкіндік береді.