Ел тыныштығы мен қоғамдық қауіпсіздік – кез келген мемлекеттің басты құндылығы.
Ал сол тыныштықтың күзетінде тұрған жандардың қызметі әрдайым қырағылық пен табандылықты талап етеді. Әсіресе қарауыл қызметі – әскери тәртіптің өзегі, сенім мен жауапкершіліктің өлшемі. Бұл жолды жүрек қалауымен таңдаған, кәсібіне адал, рухы берік азаматтар ғана абыроймен атқара алады.
Осындай жандардың бірі – 7552 әскери бөлімінің 1-атқыштар ротасында қарауыл бастығы болып қызмет атқаратын аға сержант Бауыржан Маринбаев. Ол – қызметтің қыр-сырын терең меңгерген, тәжірибесі толысқан, өз ісіне берілген маман.
Қарауыл қызметі жай ғана міндет емес, бұл – сенім жүгін арқалау. Қару мен оқ-дәріге, жеке құрамның қауіпсіздігіне жауап беру әрбір жауынгерден темірдей тәртіп пен мықты психологиялық дайындықты талап етеді. Мұндай жауапты қызметке табандылық пен байсалдылық, сақтық пен сергектік аса қажет. Бауыржан Маринбаев осы талаптардың үдесінен шығып қана қоймай, кейінгі буынға үлгі болып келеді.
Ол жылдар бойы жинаған тәжірибесін жас сарбаздарға үйретуден жалықпайды. Қарауыл қызметінің қыр-сырын түсіндіріп, әрбір әрекеттің маңызын ұғындыруды өзінің азаматтық әрі әскери парызы деп санайды. «Қарауыл бастығы үшін ең басты қасиет – ұстамдылық пен сабыр», – дейді ол. Бұл сөз оның өмірлік ұстанымына айналған.
Бауыржан Сәрсембіұлы 1985 жылдың 8 сәуірінде Жетісу облысы, Текелі қаласында дүниеге келген. Көпбалалы отбасында тәрбиеленіп, еңбек пен тәртіпті жастайынан бойына сіңірді. Бүгінде өзі де төрт баланың әкесі, үлгілі отбасы иесі. Жұбайы Қанзира – шаңырақтың ұйытқысы, бала тәрбиесіне бар күш-жігерін арнап отырған ана.
Ол Ұлттық ұлан қатарында 2006 жылдан бері қызмет етеді. Осы уақыт ішінде бөлімше командирінен бастап, взвод командирі, қарауыл бастығының көмекшісі сияқты түрлі лауазымдарды абыроймен атқарып, бүгінде қарауыл бастығы ретінде үлкен сенімге ие болып отыр. Айдауылдау қызметінде, сот қарауылында, теміржол бағытындағы қарауылда қызмет атқарып, тәжірибесін шыңдады. Бұл – кез келген адамның жігері жете бермейтін, аса күрделі әрі жауапты сала.
Қызмет барысында өмір бойына бас бостандығынан айырылғандармен де бетпе-бет келіп, тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етіп жүр, бұл үлкен батылдық пен кәсіби шеберлікті талап етеді. Мұндай сәттерде әскери қызметшінің тек физикалық емес, рухани беріктігі де сыналады.
- Айдауылдау қызметінде жұмыс істеу үшін мінез керек. Бізге, біріншіден, бөлім командирі, екіншіден, заң сенім артып отыр. Қарауыл бастығы ретінде барлық бағытты тең ұстап, қарамағымдағы сарбаздарға әрдайым қолдау көрсетуге тырысамын. Адамды тани білу, әділ болу – бұл қызметтің басты шарттары, – дейді аға сержант.
Ол өзіне бағыт-бағдар берген тәлімгерін де ерекше құрметпен еске алады. Прапорщик Болат Мамырбековті ұстазым деп санайтын Бауыржан одан алған тәлімін бүгінде жас буынға жеткізуді жалғастырып келеді.
Бүгінде тәжірибелі маман, білікті басшы ретінде танылған Бауыржан Маринбаевтың қызметіне қарап, қарауыл қызметінің сенімді қолда екенін аңғаруға болады. Оның кәсібіне деген адалдығы, сабырлы мінезі мен жауапкершілігі жас сарбаздарға үлгі болып отыр.
Қорыта айтқанда, ел тыныштығын күзетіп, күн-түн демей қызмет атқарып жүрген осындай азаматтардың еңбегі – зор құрметке лайық. Қарауыл қызметі – ерлік пен сенімнің, тәртіп пен табандылықтың мектебі. Ал сол мектептің алдыңғы қатарлы өкілдерінің бірі – бүгінгі кейіпкеріміз.
Ел қорғаны болған ерлерге әрдайым алғысымыз шексіз. Қырағылығыңыз бен сабырыңыз сарқылмасын, құрметті қарауыл бастығы!
Запастағы подполковник Данара Баймағанбетова