Тұңғыш рет Түлкібас ауданында «Түркібасы – айбыным, «Шынар бастау» – айдыным» атты жастар арасындағы аймақтық шығармашылық байқау өтеді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Сайыс Түлкібас өңірінің табиғи, тарихи ерекшелігін, ана тақырыбын, туған жердің тұғырлы тұлғаларын Қазақстанның ақпарат кеңістігінде жан-жақты насихаттауға арналған.
Байқаудың бас демеушісі – Шерхан Мұртаза атындағы қайырымдылық Қордың президенті, саясаттану ғылымдарының докторы Қайрат Айтбай.
Идея авторы – қоғам қайраткері Жандар Асан.
«Байқаудың мақсаты – Түлкібас өңірінің тарихы мен бүгінгі жеткен жетістігін, ауданның туристік әлеуетін дәріптеу, аймақтағы қасиетті орындардың бірі – «Шынар бастаудың» ерекшелігі мен ана тақырыбын және Тұрар Рысқұлов, Бауыржан Момышұлы, Шерхан Мұртаза, Мекемтас Мырзахметұлы, Мархабат Байғұт сынды тұлғалардың өнегелі өмір жолдарын өскелең ұрпақ арасында насихаттау», – дейді шара ұйымдастырушылары.
Ұсынылған шығармалар «Түркібасы – айбын, байлығым, Мекемтас-биігі – тағзым-тағылым, Тұраркентім – төл ұғым, «Шынар бастау» – айдыным» жалпы тақырыбын қамтуы тиіс.
Байқау комиссиясының құрамында отандық БАҚ басшылары мен белгілі журналистер болады.
Байқауға Түлкібас ауданының тарихын, даму кезеңдері мен перспективасын, туристік орындарын, соның ішінде «Шынар бастау» мәдени-рухани кешенінің ерекшелігін, ананы аялаудың ұлағатын, отбасылық құндылықтарды, тарихи тұлғалар ұлағатын қамтыған шығармалар қабылданады.
Сайысқа қолынан жазу келетін, 13-35 жастағы Түркістан облысы аумағында тұратын кез келген азамат қатыса алады. Сонымен қатар әр қатысушыдан тек бір ғана аталым бойынша шығарма қабылданады.

Байқауға ұсынылған шығармалар 2026 жылғы 30-сәуір мен 7-мамыр (қоса алғанда) аралығында қатысушы парағымен қоса zhandarassanov@gmail.com электронды поштасында қабылданады.
Байқауға ұсынылған шығармаға қойылатын талаптар:
- Эссе/Проза: 2 беттен кем емес, пішіні: 14,Times New Roman қарпімен, 1 интервал;
- Поэзия: 5 шумақтан кем емес, пішіні: 14, Times New Roman қарпімен, 1 интервал;
- бұрын жарияланған шығармалар қабылданбайды.
Шығармаларды қабылдау үшін әр қатысушы өзінің толық аты-жөні, өзі туралы толық мағлұмат (жасы, байланыс нөмірі, тұрғылықты мекен-жайы, жұмыс немесе оқу орны) ұсынылған қатысушы парағын толтырып жіберуі тиіс.

Байқау қатысушылары келесідей орындармен және қаржылай марапатталады:
- Бас жүлде – бір адам. Сыйақы көлемі: 150 000 теңге;
- I-орын – бір адам. Сыйақы көлемі: 100 000 теңге;
- II-орын – екі адам. Сыйақы көлемі: 70 000 теңге (әрқайсысына);
- III-орын – үш адам. Сыйақы көлемі: 50 000 теңге (әрқайсысына).
Байқау жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі 2026 жылғы 9-мамырда сағат 15:00-де «Шынар бастау» мәдени-рухани кешенінде (Түлкібас ауданы, Түлкібас ауылы) өтеді.
Байқауда үздік деп танылған шығармалар республикалық және өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарында «Түркібасы – айбыным, «Шынар бастау» – айдыным» атауымен жарияланады.