Қазақстанда салық жүйесін цифрландыру жаңа кезеңге өтті. Бірақ бұл жолы әңгіме жай ғана жаңа платформалар немесе есеп беру формалары туралы емес.

Мемлекет кәсіпкерлердің, бухгалтерлердің және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың күнделікті мәселелерін мойындап, оларды ашық талқылай бастады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин өткізген жобалық кеңсе отырысында дәл осы мәселелер көтерілді. Жиынға мемлекеттік органдар ғана емес, бухгалтерлер, сарапшылар және тіпті такси платформаларының өкілдері қатысты. Бұл – салық реформасы енді кабинет ішінде емес, нақты нарықпен бірге талқыланып жатқанын көрсетеді.
Салық жүйесіндегі басты проблема – техникалық ақау емес, түсініксіздік
Соңғы айларда кәсіпкерлер арасында Салықтық әкімшілендірудің ақпараттық жүйесіне (СӘАЖ) қатысты шағым көбейді. Біреулер жеке шоттағы мәліметтердің жоғалып кететінін айтса, енді бірі есеп дұрыс қабылданбайтынына наразы болды.
Қаржы вице-министрі Әсет Тұрысов бұл мәселелердің себебін түсіндірді: елде біраз уақыт ескі және жаңа салық кабинеттері қатар жұмыс істеп келген. Соның салдарынан жүйелер арасында деректерді синхрондау қиынға түскен.
Шын мәнінде, мемлекет бизнестің өтініші бойынша ескі жүйені уақытша сақтап қалған. Себебі көптеген компания былтырғы есептерін әлі де сол арқылы тапсырып жүрген. Алайда мамыр айында ескі кабинет толық өшіріледі. Билік осыдан кейін қазіргі техникалық проблемалардың көп бөлігі жойылады деп отыр.
Бірақ мәселе тек техникада емес.
Қазір Қаржы министрлігі барлық жүйеге форматты-логикалық бақылау (ФЛБ) енгізді. Яғни жүйе бұрын байқалмай кеткен қателерді автоматты түрде ұстайды. Көп бухгалтерлер дәл осы өзгеріске дайын болмаған. Бұрын қабылдана беретін есептер енді қате ретінде қайтарылып жатыр.
Сондықтан мемлекет енді кәсіпкерлерді тек тексеріп қана қоймай, оқытуды да күшейтпек.
«Бизнес айыппұл төлемеуі керек»
Жиындағы маңызды мәлімдеменің бірін Серік Жұманғарин жасады. Оның айтуынша, техникалық ақаулар үшін кәсіпкерлер жауап бермеуі тиіс.
Яғни жүйе дұрыс жұмыс істемесе, кәсіпкер айыппұл, өсімпұл немесе басқа санкция алмауы керек.
Бұл – соңғы уақытта бизнес көп көтерген мәселе. Себебі кей компаниялар есеп уақытында өтпегені үшін автоматты түрде қарызға кіріп кеткен жағдайлар болған.
Енді Мемлекеттік кірістер комитеті бірыңғай техникалық қолдау орталығын іске қоспақ. Яғни кәсіпкерлер әртүрлі жүйеге бөлек хабарласпай, бір орталық арқылы мәселе шешуге мүмкіндік алады.
Қазақстанда «бір рет тапсыру» жүйесі пайда болуы мүмкін
Uchet.kz негізін қалаушы Максим Барышев қызық ұсыныс айтты. Оның пікірінше, кәсіпкерлер бір ақпаратты мемлекетке қайта-қайта жіберуден шаршаған.
Мысалы, компания бір деректі салыққа өткізеді, кейін статистикаға қайта жібереді, тағы басқа орган сұратады.
Сарапшылар енді бірыңғай мемлекеттік деректер базасын құруды ұсынып отыр. Егер ақпарат бір жүйеге түскен болса, басқа мемлекеттік органдар оны автоматты түрде көре алуы керек.
Бұл идея Қазақстандағы бюрократияны азайтуы мүмкін.
InDrive және 180 мың өзін-өзі жұмыспен қамтыған адам
Отырыста ең көп талқыланған тақырыптың бірі – платформалық жұмыспен қамту болды.
inDrive өкілдерінің айтуынша, қазір платформа арқылы Қазақстанда шамамен 180 мың адам жұмыс істейді. Олардың арасында такси жүргізушілері ғана емес, түрлі қызмет көрсететін азаматтар бар.
2026 жылдың басынан бастап платформалар салық агенті ретінде әлеуметтік төлемдерді автоматты түрде аудара бастады. Үш айдың ішінде ғана шамамен 700 миллион теңге төленген.
Бірақ жүйе тағы да қиындыққа тап болды.
Мысалы, зейнеткерлер немесе жеңілдік санатына кіретін азаматтар кей жағдайда толық төлем жасап қойған. Себебі мемлекеттік базалардағы ақпарат уақытында жаңармаған.
Нәтижесінде мыңдаған адамға ақша кері қайтарылған.
Бұл жағдай Қазақстандағы цифрландырудың басты проблемасын көрсетті: әртүрлі мемлекеттік жүйелер әлі де бір-бірімен толық синхрондалмаған.
Таксистер тағы бір мәселеге тап болды
Платформа өкілдері тағы бір қызық мәселені көтерді.
Қазір өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамның табысын растау үшін әр клиентпен орындалған жұмыс актісіне қол қою талап етіледі.
Қағаз жүзінде бұл дұрыс көрінуі мүмкін. Бірақ күніне ондаған тапсырыс орындайтын такси жүргізушісі үшін мұндай талап іс жүзінде мүмкін емес.
Сондықтан билік енді платформалық жұмыспен қамтуға арналған бөлек цифрлық механизм әзірлеуі мүмкін.
Енді жалақыға байланысты сегіз төлем болмай ма?
Кәсіпкерлер үшін ең жағымды жаңалықтардың бірі – бірыңғай төлем идеясы болды.
Қазір жұмыс берушілер әр қызметкер үшін сегіз түрлі төлем жасайды:
- әлеуметтік аударымдар;
- зейнетақы жарналары;
- медициналық сақтандыру;
- әлеуметтік салық;
- жеке табыс салығы және тағы басқалары.
Әрқайсысына бөлек төлем тапсырмасы рәсімделеді.
Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин бұл жүйені жеңілдету ұсынылғанын айтты.
Жаңа модель бойынша жұмыс беруші тек бір төлем жасайды. Ал жүйе ақшаны автоматты түрде барлық қорға бөліп береді.
Бұл бухгалтерлер үшін үлкен жеңілдік болуы мүмкін.
Қазақстандағы жалақы салығы расында 41 пайыз ба?
Соңғы жылдары әлеуметтік желіде «Қазақстанда жалақыға салық 40 пайыздан асады» деген пікір жиі айтылады.
Азамат Әмрин бұл ақпараттың толық дұрыс еместігін айтты.
Оның сөзінше, 41 пайыздық көрсеткіштің ішінде қызметкердің өз төлемдері де бар. Ал жұмыс берушінің нақты тікелей жүктемесі шамамен 17,5 пайызды құрайды.
Сонымен қатар Қазақстандағы еңбекке салынатын жүктеме ЭЫДҰ елдерінің орташа деңгейінен төмен екені айтылды.
Мемлекет пен бизнес арасындағы жаңа диалог
Бұл жиынның басты ерекшелігі – мемлекет алғаш рет проблемаларды жоққа шығармай, оларды ашық мойындады.
Салық жүйесіндегі ақаулар да, әлеуметтік төлемдердегі шатасулар да, платформалық жұмыспен қамтудағы олқылықтар да ашық талқыланды.
Ендігі басты сұрақ – осы уәделер нақты нәтиже бере ме?
Өйткені Қазақстандағы кәсіпкерлер үшін ең маңыздысы – жаңа жүйенің «әдемі презентациясы» емес, оның тұрақты әрі түсінікті жұмыс істеуі.





