Отан қорғаушы күніне орай әскери қызметшілер мен олардың отбасыларына жаңа баспана кілттері табысталды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов Жоғарғы Бас Қолбасшының атынан жаңа пәтерлердің кілттерін салтанатты түрде тапсырды.
15 әскери қызметші баспаналы болды
Жаңа пәтерлер 15 әскери қызметші мен олардың отбасына берілді.
Жаңа баспаналар:
- толық жиһазбен жабдықталған
- тұрмыстық техникамен қамтамасыз етілген
- отбасылық өмірге дайын күйде тапсырылған
«Бұл – мемлекет қамқорлығының белгісі»
Дәурен Қосанов әскери қызметшілердің әлеуметтік жағдайына мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлінетінін айтты.

«Бұл Отан қорғаушыларға мемлекет тарапынан жасалған шынайы құрмет пен қамқорлық белгісі. Әскери қызметшілердің әлеуметтік жағдайы әрдайым назарда. Бүгінгі табысталған пәтерлер – сіздер жасаған қажырлы еңбекке берілген лайықты баға. Жауынгердің жеңісі – оның артындағы тылына байланысы, ол тыл - отбасы. Әскери қызметті адал атқару үшін, әлеуметтік жағдайға жалтақтап артқа қарамау өте маңызды. Бүгін Мемлекет басшысы атынан сіздерге жаңа пәтер кілттерін табысталды. Әр шаңырақта ертең ел тізгінін ұстайтын, Отанына адал қызмет ететін ұлықты ұрпақ өсіп-жетіледі деп сенемін»
Әскери қызметшілерді қолбасшы да құттықтады
Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы генерал-майор Мереке Көшекбаев та қоныстой иелеріне ізгі тілегін жеткізді.
«Бұл үй Мемлекет басшысының тарапынан сіздерге көрсетіліп отырған үлкен қамқорлық пен қолдаудың айқын көрінісі. Отанға адал қызмет етіңіздер. Айбынды армиямыздың абыройы арта берсін. Жаңа баспана құтты болсын. Әрқашан шаңырақтарыңыз биік, керегелеріңіз берік болсын»
«Бұл – біздің отбасы үшін үлкен қуаныш»
Жаңа баспана иелері де өз әсерлерімен бөлісті.
Ефрейтор Динара Бекмағамбетова 11 жылдан бері әскери бөлімде телефонисші болып қызмет атқаратынын айтты.
«Мен бүгін екі бөлмелі үйдің кілтін алдым. Мен және менің отбасым үшін бұл үлкен қуаныш. 11 жылдан бері әскери бөлімде телефонисші болып қызмет атқарамын. Мерекеде осындай сыйлық жасаған жоғары басшылыққа үлкен алғысымды айтамын»
Алты балалы отбасы да қоныстой тойлады
87962 әскери бөлімінің бөлімше командирі сержант Әлімжан Ырысбеков те жаңа пәтерге ие болды.
«Біз үшін бүгін өте қуанышты күн. Баспаналы болдық. 6 баланың әкесімін. Мерекеде осындай керемет сыйлық жасап, көңілімізді көкке жеткізген Жоғары Бас Қолбасшыға, Қорғаныс министрлігіне алғысым шексіз. Барлық әріптестеріме жұғысты болсын»
Кішкентай Айымның қуанышы
Сержанттың 6 жасар қызы Айым Рахымберді де қуанышын жасырмады.
«Алақай, біз бүгін пәтер алдық. Ас үйде анам және әпкелеріммен бірге әкем мен ағаларыма тәттілер пісіреміз»
Қоныстойда шашу шашылып, бата берілді
Салтанатты шара барысында:
- шашу шашылды
- үлкендер бата берді
- әскери отбасыларға ізгі тілектер айтылды
Неліктен бұл маңызды
Әскери қызметшілерді баспанамен қамтамасыз ету – армиядағы әлеуметтік қолдаудың маңызды бағыттарының бірі.

Сарапшылардың пікірінше, мұндай қолдау:
- әскери қызметтің беделін арттырады
- жауынгерлердің әлеуметтік тұрақтылығын күшейтеді
- әскери қызметке деген сенімді нығайтады

