Таяуда Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Ерлан Омарбеков өңір тұрғындарымен кездесіп, жергілікті жұрттың көкейкесті сауалдарына жауап берді.
Шығыстың бас полицейімен кездесуде қала тұрғыны Славский атындағы жағалау маңында бұрынғыдай Ұлттық ұлан сарбаздарын кездестірмейтінін айтып, алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, әдетте үш адамнан жүретін тәртіп сақшыларын тұрғындар «үш батыр» деп атап кеткен. Өңір тұрғындары ұландықтардың қала көшелерінде төбе танытуы – қауіпсіздіктің кепілі деп баса айтып өтті. Осы орайда қала тұрғындарының қалқанына айналып Өскемен қаласының тыныштығын қадағалап жүрген 5518 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Саламат Оңдасыновпен сөз алысып көрдік.
Уақыт белдеуінің бір сағат алға жылжуына о басында шығыс жұрты өре түрегелгенімен, уақыт өте көндігіп кетті. Дегенмен, ұясына батқан қызыл күннің соңғы шапағы өскемендіктермен сағат төртте қоштасатындығы мектепте бала оқытқан ата-ананың мазасын қашырып, санасын сарсаңға салуда. Жаңадан бой көтерген КШТ ауданындағы зәулім үйлер кемпірдің үңірейген ауызындағы тістердей сирек-сирек орналасқан. Қала әкімдігінің үй салғанда қаз қатар жыпырлатпай, көлік тұрағы мен балалар алаңқайын ескеріп, одан қалса спорттық алаңдарға деп жер қалдырып, үйлерді алшақ етіп салғаны көңілге қуаныш ұялатқанымен, айдаладан мектепке жаяу баратын балалар үшін бұл қиямет қайым. Әсіресе, екінші ауысымда оқитын оқушылардың түн жамылып, тратуар төселмеген, әлі де құрылыстың қаңқасы ғана қаланып әлі аяқталмай, профлистпен қоршалған ойқы-сойқы жолмен жаяу қайтуы қайсыбір ата-ананың болмасын мазасын қашырады. Иесіз жүрген өрт аяқтыларда құрылысы кідіріп қалған нысандарды паналап, жеке меншік үйлеріне балап, маңынан өткендерге шәуілдеп, сес көрсетеді. Ересек қауымы төртаяқтылардың абалауын шыбын шаққан құрлы көрмегенмен, төменгі сынып оқушылары тым-тырақай қаша жөнеледі. Бұны көрген көшеде құйрығын бұтының ортасына қысып, бұратылып жүрген көше иттері бір сәтке өздерін сырттан сезініп, жыртқыш инстикті оянып, қуа жөнеледі. Міне, мектепке «тар жол, тайғақ кешулерден» өтіп баратып оқушылардың ата-анасы осы үшін құқық қорғау органдарымен өтетін әрбір жиындарда Ұлттық ұлан жауынгерлерінің КШТ ауданында да қауіпсіздікті қамтамасыз еткендерін сұрайды. Өткенде Шығыс Қазақстан облысының бас полицейі Ерлан Омарбеков қала тұрғындарының бұл сұрағына тұщымды жауап берді.
— Біз қылмыс картасына сүйене отырып, криминогендік ахуалы күрделі аумақтарды анықтаймыз да, Ұлттық ұлан жауынгерлерін сол бағыттарға жібереміз, — деп шорт кесіп, түсіндірді полиция генерал-майоры Ерлан Омарбеков.
Ұлттық ұлан сапына Түркістан облысынан шақыртылған Саламат Оңдасынов көкпар ойындарының жеңімпазы. «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5518 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын атқарып жүрген ол Өскемен қаласының қауіпсіздігін қадағалайды. Сарбаз бұл сұхбатта өскемендіктердің жауынгерлік жасаққа деген ілтипатымен бөлісіп, қоғам қауіпсіздігін қадағалауда назарына іліккен оқиғалар мен түйген ой-тұжырымдарымен бөлісті.
- Есенбісің Саламат! Өскемен қаласының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жауынгерлік қызметтен алған әсерің қандай?
- Өскемен кен атаулының сан түрлісін өндірген соң бай қала екен. Бұны жол шетінде тұрғанда көліктерден байқауға болады. Әрине, «сығыр көзді» қытай көлігі барлық қалада бар, бірақ бұл жақта бизнес санаттағы Zeekr, Li, Теsla сияқты электр көліктерінің көптігіне қайран қалдым. Құдды Алматы, Астана немесе Ақтау қаласының көшесінде жүргендейсің. Одан қалса бұл жақтың жүргізушілері subaru маркалы көлік тепкенге әуес сияқты. Әрине, тау тастың арасында тұрған соң, оның үстінде бамперіңнен асатын омбы қарды омақасып, батып қалмай, тіліп өтетін толық жетекті көлік қажет. Ал, мұндай толық жетекті көліктерді, аузымен құс тістеген темір тұлпарларды үлкендер жағы өңір табиғатының қытымыр қысына шыдас береді деп алғанымен, жастар жағы қала көшелерінде қамшылайтыны тағы бар. Елімізде Өскеменді қала тұрғындарының санына орай есептегенде ең көп жол сақшысы бар қала деп есептейді. Алайда, мұның өзі зымырандай зыр етер көліктердің тізгінді тартып айдауларына сеп болмай тұр. Қаланың басты көшелерімен жүйткігендер жарыспақ ойнап, жаяу жүргіншілерге арналған жолақтан өткендерді пысқырмай өте шығады. Міне, сондықтан болар, балалар арбасын сүйреткен әйелдер мен кемсеңдеген қарттар жолдан өтер тұста айналасынан Ұлттық ұлан жауынгерлерін іздейтіні бар.
- Яғни, жолдан өткізіп жібересің ғой?
- Әрине, қол ұшын бересің. Өскеменде травмай көлік жолының ортасына тоқтайды. Жол ережесі бойынша травмай тоқтап, есігі ашылғанда көліктер де тоқтап, ерсілі-қарсылы өткен жолаушыларды өткізу керек. Травмай да кептеліс туындатпау үшін лезде тоқтап, лезде жүріп кетеді. Сондықтан біз сол аймақта жүріп қалсақ, «помогите» деп келген тұрғындардың бетін қайтармаймыз. Әсіресе, қалада мүгедек арбасына таңылғандарға жолдан өту қолайсыз. Кейбір мекемеде пандус атымен жоқ.
- Бірталай қала тұрғыны көмек сұрап келген екен. Өскеменде қайырымдылыққа зәру жандар көп болғаны ма?
- Жалпы, мына жақтың халқы салқынқанды. Ақпан айында Бажов көшесінде жол үстінде көлік өртенді. Себебін білмедім. Әлгі, жүргізуші шыр-пыр болып көлігін айналшықтап безектейді. Аккумульятор тұсынан от алған қызыл жалын лезде көлік салонына шарпыды. Алыстан көрген бізде көмектесуге ұмтылдық. Қолымызда өрт сөндіретін құрылғы жоқ. Қашық тұрған сауда дүңгіршегінен су алып, шелекпен тасып жүрміз. Көлік терезесінен күліп қарап өтіп жатқандар біздің әрекетімізді келеке қылды ма онысының байыбына бармадым. Маған ешбір көліктің жол шетіне тоқтап, болыспағаны жат көрінді. Олардың әрбірінде өрт сөндіргіш құралы бар емес пе? Бәлкім, бейжай қарамай жұмыла кетсе, қызыл жалынның алдын алар ма еді деген ой мазалады мені. Өкінішке орай, өрт сөндіру көлігі келгенше көліктің күске оранған қаңқасы ғана қалды. Осыдан түйгенім, бұл жақтың халқы салқынқанды. Адам жерде құлап, көлік өртеніп жатса, былқ етпей жанынан өте шығады. Әрине, бес саусақ бірдей емес. Мен жауынгерлік қызметімді атқарған аймақта ғана мүмкін сондай оқиғалар болған шығар? Бірақ, байқағаным қайырымдылыққа зәру жандар өте көп.

- Жауынгерлік қызмет барысында қырағылық үлгілерін танытқан оқиғаларда болған шығар?
- Ондай оқиғалар мен жауынгерлік қызметке түскен тұста көп болмады. Ақпан айында Назарбаев даңғылында сөмкесіне қару салған кәмелеттік жасқа толмаған баланы ұстадық. Жайбарақат келе жатқан жасөспірім бізді байқасымен шұғыл бағытын өзгертіп, жүрісін жылдамдата түсті. Кенеттен қараңғы қалтарысы бар көшелерге зып ете түсті. Біз де артынан қуа жөнелдік. Көкпарда тақымына серке қысқан қарсыласқа ұмтылғандай ізінен қалмай қия шауып, жолын кеспек болдым. Бірақ әскери жасаққа тиісті болған аймақты толық барлап көрмегендіктен бұл ісім насырға шапты. Гараждардың араларында жол бар деп топшылап едім, бітеу болып шықты. Алайда, Ұлттық ұлан сапында жекпе-жек ұрыс тәсілдерін жетік меңгеріп, үнемі физикалық даярлығын жетілдіретін жауынгерлерден күдікті айласын асыра алмады.
- Сонда күдіктіден күдер үзіп қалдыңдар ма?
- Жоқ. Қия тартып, жол кеспек болған мен едім. Ал, әскери жасақ бастығы Аян Асхатов пен патрульдеуші Талғат Абдикадиров қашқан күдіктінің артынан жүгіріп отырды. Қапас түнектей қараңғыда түк көрінбейді. Үй ауласындағы темірқоршауға сүрінген болар жасөспірім шалынып құлады. Ұлттық ұлан сапында жекпе-жек ұрыс тәсілдерін жетік меңгеріп, үнемі физикалық даярлығын жетілдіретін жауынгерлерден күдікті айласын асыра алмады. Құқықтық тәртіп әскерінің жауынгерлері қала тұрғынын одан әр тексеру үшін полиция басқармасының Ертіс бөліміне жеткізді. Одан кейін таяуда адасып қалған баланы ата-анасына табыстадық.
– Ал қаланың оңтүстік жағында күн сайын құлашын созып жатқан КШТ ауданында жауынгерлік қызмет атқардың ба?
- Иә. Ол бағытта да болдым. Ол жаққа барсам құдды өзімді Астанада жүргендей сезінесің. Алтай тауының құшағындағы құзар биікке қол созған көпқабатты үйлерге қарап еңсеңді тіктейсің. Бір сәтке мерзімді әскери қызметіңді өткерген соң Өскеменде қалып, үрім-бұтағыңды өрбіткің келіп кетеді. Бұл жақтың әсіресе, жаз уақытында көгал іздеп, табиғат аясында демалғанға таптырмайтын қала екенін бала кезімнен білемін. Қаладан он минуттық жерге шықсаң, жақпар тасты тау етегінен сылдырап-ақ бұлағы бар тұмса табиғатқа тап боласың. Тауға біткен қарағайларға көзің тоймай қайта-қайта қарай бересің. БҰл бер жағы ғана. Қалтаң қампайып тұрса, тікұшақ та өз қызметін ұсынуға дайын. Мен сізге Қатон-қарағай, Марқакөл сияқты саф ауалы, ғажайып мекендерді әзрге айтпай-ақ қояйын. Табиғат аясында мауқыңды басып, тап |Астана, Алматыдағы сияқты зәулім үйлерге кәуаптың күйесі жабысқан мангалың мен апаңның көзі болып қалған самаурыныңды алып, кіріп бара жатсаң қандай тамаша! Оның үстінен мегополистегі сияқты қарбаласы жоқ шаһар. Міне, бұл тараптан бұл қала мені өзіне қарай тартады. Қазір тыңдалымда жүрген «Қатігездеу Алматы» әнінде:
«Талай-талай бұзықтарды түзеткен
Тәкаппарлау Алматым» - деген тармақтар бар. Міне, осы сөздер Өскемен қаласын сипаттауға да келетіндей. Бұл қала ел бойынша қала тұрғындарына шаққанда полиция қызметкері көп қала екені баршаға белгілі. Сондықтан болар, тұрғындар тәртіп сақтап жүреді. Бірақ та қатты тәртіпке бағыну да адамды құлтемірге айналдырып жіберетін сияқты. Әркім өз жөнімен жүрген соң айналасында болып жатқан оқиғаға бейжай қарайды. Мүмкін бейжай емес, үрке қарайды деп айтсам орынды болар. Қазір бірдеңеге ұрынып, айыппұл арқалап кетпейін бе деген үрей бар сияқты. Ал, қайырымды болсаң ешкім айыппұл салмайды ғой. Дегенмен түрлі қайыршының бетпердесін киіп, саныңды соқтырып кететін алаяқтар да қоғамда қазір қаптап жатыр. Бәлкім, осыдан кейін болар. Манағы әннің тармақтары мүмкін мен әскерде жүргеннен болар есіме түсіп, ішімнен ыңылдай беремін. Әскерде талай бұзықтарды түзетіп, адами қасииеттерін жетілдіретін орта. Мұнда әсіресе, бір нанды бөлім жейтін бауырмалдық пен бір-біріңе деген сенімділігің шыңдалады.
- Сұрақ ауанынан ауытқып кеткен сияқтымыз. Бой көтеріп келе жатқан ауданда атқарған жауынгерлік қызметіңе тереңірек тоқталсаң жөн еді.
- Мен бұл ауданның қауіпсіздігіне екі-үш рет ғана қалқа болдым. Бұл жақты ескі қаламен салыстырғанда қолының сұғы барлардан ада. Тіпті, түн ішінде ойын баласы велосипеді мен самакаттарын ойнаған жерінде тастап жүре береді. Тіпті, доптарымен ойыншықтары да ойын алаңқайында қала береді. О басында осыған таң қалдым. Тек зәулім үйлер көп болғанымен мектепке көлік жолымен барсаң қашықта. Үй тұрғындары иен жатқан жапан даланың ортасымен құрылыс нысандарының қуыстарынан өтетін бұрмаланған соқпақ жол салып алған. Міне, осы бір тұсы ғана сөмке асынған оқушылары бар атаананың көңіліне қаяу түсіреді. Одан қалса, топтасып алған бұралқы иттер де сол жақта ылығып жүреді. Тұрғындары өздері салған жол болған соң жарықта жоқ. Тастай қараңғылықты кешкі уақытта уда-шу балақайлардың айғайы ғана жарып келе жатады. Әрқайсының қолында бір шарық шам бар. Мен ертең жол мектепке барар жолдағы құрылыс нысандары толықтай аяқталған соң, арнайы жол салынып, жарықшам болады деп ойлаймын. Бұл құрылысы енді бой көтеріп жатқан жаңа аудан болған соң уақыт еншісіндегі мәселе деп ойлаймын.
- Сұхбатыңа рақмет!
Лейтенант Рүстем Мұхамет-Рақым
Өскемен қаласы